Жемқорлықпен ұсталған полиция қызметкерлеріне қатысты сот үкімі шықты, деп Neonomad.kz ktk.kz арнасына сілтеме жасап.
Өткен аптада республика өңірлерінде әр түрлі қызмет атқарған полиция қызметкерлеріне қатысты айыптау үкімі шықты. Нақтырақ айтар болсақ, Қарағанды қаласына қарасты Октябрь аудандық сотының үкімімен жол-патрульдік полиция полкінің рота командирі, полиция майоры М.Каскинге айыппұл салынған. Ол жеке тұлғадан жүк көліктерінің кедергісіз жүруі мен жалпы қамқорлығы үшін пара алып жүрген.
Қостанай облысы да жемқорлар көшінен қалар емес. Қалалық №2 сотының үкімімен Жітіқара қаласы полиция бөлімі ЖПҚ бөлімшесінің бастығы, полиция майоры К.Ысқақовқа 15 миллион теңге айыппұл салынды. Ол қол астындағы қызметкерлерден пара алып, билігін асыра пайдаланғаны үшін сотталды.
Сонымен қатар, облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының жедел уәкілдері, полиция майоры М.Ерболұлы мен полиция капитаны А.Саков 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Белгілі болғандай, олар билігін асыра пайдаланып, жеңгетайлықпен айналысқандарға қамқорлық көрсеткен.
Сондай-ақ, Өскемен қаласының № 2 сотының үкімімен Үлбі полиция бөлімінің аға тергеушісі Д. Алқановқа 7,5 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Енді аталған заң бұзушылар өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан шеттетіліп, сондай-ақ полиция офицерлерінің арнаулы атақтарынан айырылды.
Сот айыппұлды төлеу үшін сотталғандарға әр түрлі мерзімдерді белгілеген. Ал айыппұл төленбеген жағдайда жаза бас бостандығынан айыруға ауыстырылатыны түсіндірілді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі.