Бокс жаттықтырушысы бұрын-соңды ешкімге айтып көрмеген құпиясын бөлісті. Ол сыйға алған жылқысын 15 мың долларға сатып, ақшаны Серік Сәпиев, Геннадий Головкин секілді боксшылардың әлем чемпионатына қатысуына жұмсаған, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.
Қарағанды облысындағы бокс федерациясының бұрынғы президенті Қанат Оспанов – Геннадий Головкин, Серік Сәпиев сынды боксшылардың тәрбиелеген бапкер. Ол 2005 жылы өңірдегі бокс мектебінің директоры болған. Мұнда танымал боксшы әрі бапкерді жергілікті спортты дамыту үшін тағайындапты. Оспанов сол жылдары шәкірттеріне көмектесу үшін қымбат сәйгүлігін сатуға мәжбүр болғанын еске алды.
«2002-2005 жылдар қарағандылық бокс үшін маңызды әрі ауыр уақыт болды. Бүкіл облысқа қаржыландыру ретінде аздаған ақша ғана бөлінетін – небәрі 3 миллион теңге. Біздің чемпиондар Серік Елеуов, Геннадий Головкин мен Серік Сәпиев. Сол кезде қоғам белсенділерінен көмек сұрай бастадым. Әртүрлі ведомство мен компаниялары бар бұрынғы спортшылар қол ұшын созды. Алайда бұл бәрібір жеткіліксіз болды.
2005 жылы жас жылқыны спортшы балалардан сыйға алған болатынмын. Бірақ оны сатуыма тура келді. Оны жылқыны жақсы білетін сыған 15 мың долларға сатып алды. Кейін ақалтеке тұқымдас жабағының бұдан да қымбат тұратыны белгілі болды. Бірақ ешнәрсе қудалаған жоқпын. Себебі ол кезде бұл ақшаның өзі айтарлықтай көп еді. Бар ақшаны Серік Елеуов, Геннадий Головкин және Серік Сәпиевті 2005 жылы Қытайда өтетін әлем чемпионатына жіберу үшін жұмсадым. Бұл оқиғаны бұрын-соңды ешкімге айтып көрген емеспін», – деп еске алды Қанат Оспанов.
Жаттықтырушының айтуынша, осы спортшылардың тамаша жетістігі Қарағанды облысының республикалық рейтингте 13-орынға орналасуына себепші болды.