Күйеуін жерлеп, ұлы мен қызын аяққа тұрғызған ана мұңымен бөлісті. Оның сөзінше, жаңа отау құрған жалғыз ұлы келіншегінің соңынан еріп, қалаға көшіп кеткен, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі Nur.kz сайтына сілтеме жасап.
Кейіпкеріміздің есімі Қыдыргүл (ред.ескертпе кейіпкерлердің барлығының аты-жөні өзгертілген). Күйеуін жерлеген ол балаларын аяққа тұрғызу оңай бодмағанын айтады. Көп қиыншылықтарды бастан кешірген. Талмай еңбет етіп, екі баласын қатардан қалдырмаған.
«Мен балаларым үшін ешқашан аянып қалған емеспін. Қолымнан келгенше екеуінің білім алып, жақсы қызметте болғанын қаладым. Ұлым Нұрсұлтан маған үнемі көмектесіп, қолғабыс көрсетіп жүретін. Ол оқуға өз білімімен түсіп, менің төбемді көкке жеткізген еді. Университет бітіргеннен кейін, жұмыс істеп, біздің асыраушымызға айналды», – дейді кейіпкер.
Жалғыз ұлы көпке дейін үйленбеген. Өйткені анасы мен қарындасына көмек беруді жөн көрген болары. Алайда жасы отыздан асқан соң жүріп жүрген сүйіктісімен анасын таныстырады.
«Нұрсұлтаным үйленгісі келетінін айтқанда қуанышымда шек болмады. Жақындарымның үйіндегі келіндері мен немерелерін көргенше қатты қызығатын едім. Отбасымыздағы алғашқы қуаныш болғандықтан, тойымыздың жоғары деңгейде өткенін қаладым. Келінімізді ата-анасы ұзататын болды. Қыздың қалың малы мен құдаларға берілетін сыйлықтар туралы алдын-ала келісіп алдық. «Беташарды үйде жасап, үлкен тойды өткізу үшін қымбат мейрамхана жалдадық», – дейді ол.
Екі жастың тойын өткізген ана келінінің көңілінен шығуға тырысады. Келіншек жұмысқа кеткенде, үйдің барлық тіршілігін жасап қоятын болған.
«Біздің ауылымыз облыс орталығына жақын орналасқан. Мен үйді жинап, кір жуып отыратынмын. Келінім кешкісін бір мезгіл тамақ әзірлеп, асхананы жинап жататын. Не себепті екені белгісіз бірақ келініммен жақын қарым-қатынас орната алмадым. Айгүл ашылып сөйлей қоймайтын.
Кешкісін жұмыстан қабағын түйіп келетінін байқайтынмын. Үйдің тіршілігіне қатысты ескерту айтсам, көзін алартып, бетіме бір қарайтын, бірақ мен оның бұл мінезіне мән бермеуге тырысып жүрдім. Қаланың қызы болған соң, ауылдың тыныс-тіршілігіне үйрене алмай жүрген шығар деп ойладым», – дейді көкшетаулық тұрғын.
Бірақ отбасында күтпеген жағдай орын алған. Жалғыз ұлы мен жас келіншек қалаға көшетіні туралы Қыдыргүлге айтады. Айгүлдің аяғы ауыр болған соң, дәрігерлер демалу керек екенін айтыпты. Жүкті келіншекке ұзақ жол жақпайтын көрінеді.
«Баламның көңіл-күйі болмай тұрғанын байқадым. Бөлек шығу – Айгүлдің шешімі екені белгілі. Ұлым амалсыздан жарының соңынан ілесіп кетіп бара жатты. Жүрегім қатты ауырып, төбемнен мұздай су құйып жібергендей болды. Шынымды айтсам, жасырын жылап алдым.
Бірнеше ай бұрын ғана келген келінімнің кетіп бара жатқаны жаныма батты. Оның үстіне туыстарым да біздің отбасымызды әңгіме ете бастады. Көпшілігі мені айыптап, келінін сыйдырмады деп жатты», – дейді кейіпкер.
Қазір Қыдыргүл кенже қызымен бірге тұрады. Келіні енесінің жағдайын сұрап, не хабарласып, не келіп тұрмайды екен. Шүкір, жалғыз ұлы анасын ұмытпайды екен. Кейде келіп тұрады. Көкшетаулық ана ертеңгі күні немересін көруге зар боламын ба деп қорқады.