Арыс қаласының тұрғыны Жұпар Есмағамбетова жарылыс кезінде күйеуінен айырылып, өзінің және баласының ауыр жарақат алғанын айтты. Тірегінен айырылған ол алдағы өмірі үшін қатты алаңдап отырғанын жеткізді, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап.
Айналада жарылыс болып жатқанда Жұпар Есмағамбетова күйеуі және кенже ұлы үшеуі алды-артына қарамай жүгіре берген. Сол сәтте бар ойы тек қауіпсіз жер табу болғанын жасырмайды.
«Снарядтың сынықтары ұлымның арқасына қарай ұшты. Оның бүкіл жері қанға малынды. Менің де қол-аяғым жараланды. Бүкіл денем қан болды. Біз ауырып тұрсақ та, жүгіре бердік. Бір сәтте күйеуімнің жанымда жоқ екенін байқадым», – дейді ол.
Сондай-ақ, ол ұлының осы жағдайдан кейін қатты қорқып қалғанын, бүгінде тек дәрінің көмегімен жүргенін айтты.
«Ұлым жарылыстан кейін Арысқа оралғысы келмейтінін айтып жылайды. Басынан өткен нәрселерден кейін түнімен ұйықтамайды. Өзім екі күн ғана ұйықтадым. Басқа кезде ұйықтаған емеспін. Дәрі мен уколдың күшімен жүрмін», – деді ол.
Отбасыға Түркістан облыстық әкімдігі қаржылай көмектесіп, әкім үлкен ұлын жеке қабылдаған.