1 қаңтардан бастап Алматы көшелерін 400 «Сергек» видео жазу камералары бақылайтын болады, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
Алматы полиция департаментінің мәліметінше, бейнебақылау құрылғылары жол қозғалысы ережелерін бұзушыларға қарсы күресте тиімділігін дәлелдеген.
«Кешен жылдамдықты арттыру, бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кету, жол белгілерін елемеу, тоқтау ережесін немесе көлік құралдарын тұраққа қою талаптарын бұзу, сондай-ақ қоғамдық көлік жолағында рұқсатсыз жүру секілді жол қозғалысы ережелерін бұзу түрлерін анықтауға мүмкіндік береді», – дейді полиция қызметкерлері.
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап «сергектер» іске қосылса, онда барлық жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі қатаң түрде жазылатын болады.
Сонымен қатар, жаңа жылы полицейлер Әл-Фараби даңғылы мен Шығыс айналма жолындағы қауіпті қоршауларды ауыстыруды біржолата аяқтамақ.