6 шілде күні Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында өткен заңсыз митингтерде ұйымдастырушылардан өзге, қолшатыр мен маскада жүрген адамдар да ерекше көзге түсті. Назардан тыс қалмаған белгісіздер туралы министр Ерлан Тұрғымбаев пікір білдірді, деп хабарлайды Neonomad.kz.
Сол күні журанлистердің жұмысына кедергі көрсеткен қолшатыр ұстағандар кім? Осы сұрақты журналистер Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа қойған болатын. Оның сөзінше, олар серуендеп жүрген адамдар.
«Арыз жазыңыздар, біз анық-қанығына жетеміз. Бұл күні серуендеп жүргендер көп болды. Көшеде серуендеп жүрген адамдар көп болды. Мен тағы да қайталап айтамын, осыған дейін біз де Бас прокуратурада рұқсат етілмеген митингтердің заңсыздығы жайлы айттық. Бұл үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескерттік. Қоғамдық тәртіпті бұзбауға шақырдық. Белгіленген жерлерді де атап өттік», – деді Тұрғымбаев.
Еске сала кетсек, 6 шілде күні санкцияланбаған митингті ұйымдастырғандар полиция бөлімшелеріне жеткізілген. Олардың кейбіреуінен түтіндету құтысы мен травматикалық қару тәркіленген. Кейін белгілі болғандай, 100-ден аса адам тұтқынға алынды.