Нұр-Сұлтанда қызылшаға қарсы екпе жасалған 9 айлық нәресте бір аптадан соң қайтыс болған, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Шетінеп кеткен сәбидің ата-анасы қайғылы жағдай екпеден болғанын айтса, дәрігерлер баланың туабітті жүрек ақауы болған деуде. Ал Денсаулық сақтау министрлігі тексеріс бастай алмай отырғанын мәлімдеді.
Алты жыл күтіп, құдайдан тілеп алған баласынан көз жазып қалған Аймахановтар Әминаның еш жері ауырмағанын айтады. Қылық шығарып, былдырлай бастаған бала қызылшаға қарсы екпеден соң нашарлап, ақыры шетінеп кеткен.
«Тоғыз ай көтеріп аман есен босандым. Ол кезде де дәрігерлер баланың дені сау екенін айтты. Енді қайтыс болған соң жүрегінде ақауы бар болған, өліміне сол себеп болды деп отыр дәрігерлер. Сап-сау, тісі шығып, еңбектеп келе жатқан еді ғой. Екпе еккен соң мазасы қашты. Ешкімді кінәламаймын, дәрігерлерді де міндеттейді. Бірақ баламның жүрек жетіспеушілігінен қайтыс болды дегеніне сенбеймін. Ақиқатын білгім келеді», – дейді Марина Шаймаханова, шетінеп кеткен баланың анасы.
Баланың әжесі вакцина жасаған емхана баланың құжатын жоғалтып алған деп отыр. Ал ауру тарихы туралы берілген құжат өзгертілген деп көрсетті. Күдік тудырып отырғаны – осы.
«Мына картасында 11-ші участік деп қойыпты, оның қапталына 45-деп жазып қойыпты. Басқа біреудің фамилиясы жазылып тұр, оның үстіне менің немеремнің фамилиясы, аты-жөнін жазып қойыпты. Және бұл құжатты 1 күнде ғана жазған. Мен экспертизаға берсем осы құжаттың өтірік екенін дәлелдеп шығады балам», – Айман Ахметова, әжесі.
Балаға вакцина жеке, мемлекеттің тапсырысымен жұмыс естітейтін емханада салынған. Алғашқы күндері ешқандай теріс әсері байқалмапты. Дегенмен бұл вакцинаның күші 10-15 күн бойы сақталады. Мұны Орталықтың директоры да растап отыр. Ал нәресте екпеден кейін 8-ші күні қайтыс болған. Бірақ бұл екі жағдайдың бір-біріне еш қатысы жоқ, дейді мекеме басшысы».
«Балаға екпе саларда ешқандай қарсы көрсетілімдер болған жоқ. Ода сирек кездесетін кардиомиопатия патологиясы болғаны кейін анықталды. Бала өліміне сол себеп болды. Ол ауруды анықтау өте қиын, дәл 9 айлығында байқалып жатады», – Гүлмира Бикетова, «Жанұя» ЖШС отбасылық дәрігерлік орталығының директоры.
Ата-ана тарапынан ешқандай өтініш-арыз түспегендіктен денсаулық министрлігі тексерісті бастай алмай отыр.
«Папасымен сөйлескенде өтініш сұрадық. Өтінішті қалай жазатынын, барлығын түсіндіріп бердік. Енді кеше де хабарластым, ол кісі маған барлық құжаттарды жинап болған соң біздің атымызға өтініш жазамыз деді. Өтінішін біз қабылдап аламыз, содан кейін прокуратурада тіркеп, мұқият тексеріс жүргізілетін болады», – Сархат Бейсенова, қалалық департаменті басшысының міндетін атқарушысы.