Қытайда жолаушы қызды зорлап, кейін өлтірген таксистке қатысты сот үкімі жүзеге асты. Таксист өлім жазасына кесілді, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
Порталдың ақпаратынша, сот үкімі 30 тамыз күні жүзеге асқан.
Өлім жазасына кесілмес бұрын қылмыскерге туыстарымен кездесуге мүмкіндік берген.
Жантүршігерлік қылмыс өткен жылдың тамызында Қытайдың Чжэцзян провинциясында болды. 20 жастағы жас қыз мобильдік қосымша арқылы Didi Chuxing таксиін шақыртқан. Көлікке отырған қызды таксист зорлап, кейін өлтіріп тастаған.
Бірақ қыз өлмес бұрын такси жүргізушісі оны айдалаға алып бара жатқанын құрбысына жазып үлгерген. Сол хабарламадан соң қызбен байланыс үзілген. Күдікті қолға түскен кезде қылмысын мойындап, қыздың мәйітін қайда тастағанын көрсеткен.
Осы қайғылы оқиғадан соң Didi Chuxing компаниясы қызмет көрсетуін тоқтатты.