Қытай азаматын ұрды деген күдікпен ұсталған 5 азаматты екі айға қамау туралы сот санкция шығарды. Ал қамауға алынған азаматтардың жақындары билік бұл істе біржақтылық танытпаса, дейді. Өйткені Жамбыл Қанатты соққыға жыққан, ең алдымен, шетел азаматтары екенін де ескерсе деп отыр, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі Informburo.kz бағдарламасына сілтеме жасап.
«Қытай бастамаса, олар мұндай жағдайға бармас еді. Мұндай жағдай болмас еді ғой. Бұл жерде қытай бастап отыр ғой. Соған қарасаңыздаршы, көңіл бөлсеңіздерші. Айналайын, халқым, көмектесеңіздер. Бес бауырым шырылдап жатыр», – дейді Қызылағаш тұрғыны.
Қытай азаматтарын ұрды деген күдікпен ұсталған бес жігіттің жақындарының жанайқайы осындай. Олар бар бүлікті бірінші болып қытай азаматтары бастады деп отыр. Сондықтан тергеуді жүргізіп жатқан полиция қызметі бұл іске біржақтылық танытпаса екен дейді. Сондай-ақ, қамауда отырған азаматтар босатылсын деп талап қойып отыр.
«Не тамағын, не киім-кешегін бере алмаймыз. Бүгін жолығамыз ба деп келіп едік, онда да жолықтырмады. Кісі өлтірген адамды да жолықтырады ғой», – дейді Қызылағаш тұрғыны Фарида Қуатова.
Ал қызылағаштық ағайын осындай қазақ пен қытай арасындағы қақтығыс құзырлы органның да салғырттығынан болып отыр деп ашулы. Себебі, қақтығыс болған компания жұмысшылары арасында бұған дейін де бірнеше кикілжің болған-ды. Ал әрі қарай тергеуден соң іс сотқа жіберіледі.