Тұңғыш президенттің бұрынғы кеңесшісі болған Ермұхамет Ертісбаев Қазақстандағы Қытайға қарсы митингілердің артында кім тұрғанына қатысты пікір білдірді. Айтуынша, бұған АҚШ тарапы әсер еткен болуы мүмкін, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі «Время» басылымына сілтеме жасап.
«Америкалықтар тұр деп ойлаймын. Өйткені, оларда Қытаймен сауда шиеленісі болып жатыр. Тек Америка Пекиннің Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы саясатына қарсылық танытуда», – дейді Ертісбаев.
Сондай-ақ, Ертісбаев Вашингтон Пекиннің Шыңжаңды дамытуға үлкен қаржы салғаны туралы деректі елемей отырғанын айтты.
«Америка Қытайдың қарқынды түрде дамуына бұрыннан бері қатты алаңдаулы. Қытайлар чипке жетсе, сонымен болды! Америка №1 держава болмай қалады», – дейді ол.
Ермұхамет Ертісбаевтың пікірінше, Қытайдың басты мақсаты – инфрақұрылым. Сондықтан әзірге Қазақстан нарығы ҚХР-ның қызығушылығын тудырып отырған жоқ, дейді.