Президент пәрмен берді, Мемлекеттік комиссия қаржылай қолдаудың механизмін әзірледі, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Енді кеселмен күресте алдыңғы шепте жүрген ақ халаттыларға еңбегіне сай ақша төленеді. Әлгінде айтқандай, дәрігерлердің алды айына 1 млн теңгеге дейін жалақы алады. Қауіпті індет жұқтырғандарды стационарда емдеп жатқан дәрігерлер мен орта және кіші санаттағы медицина қызметкерлерінің жалақысына 850 мың теңге үстеме қосылады. Яғни басын қатерге тігіп, вирустың ошағында жүргендер 1 млн теңгеден астам ақша алады. Дәл қазір 3284 медицина қызметкері инфекциялық және жансақтау бөлімшелерінде қызмет етіп жүр. Бұл – бірінші топтың тізіміндегілер. Ал екінші топқа енгендер…
«Екінші топ – провизорлық стационар мен жедел-жәрдем қызметкерлерінің дәрігерлері. Орта және кіші медицина қызметкерлері. Барлығы – 11 951 маман. Олардың үстемақысы айына 425 мың теңгені құрайды. Яғни орташа айлығын қосқанда, олар айына шамамен 600 мың теңге алады», – деді ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев.
Ал үшінші топтағы карантиндік стационар дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер мен жедел-жәрдем жүргізушілері, барлығы 11 мыңға жуық маманның жалақысына 212 мың теңге көлемінде үстеме қосылады. Қаржылай қолдау пакетінде дәрігерлердің денсаулығы мен өмірі де сақтандырылды. Ал медицина қызметкері инфекция жұқтырған жағдайда 2 млн теңге өтемақы қарастырылған.
Министр Дәурен Абаевтың айтуынша, мемлекет және жекелеген демеушілер дәрігерлерге барынша қолдау көрсетіп жатыр. Мейрамханалар ыстық тамақпен қамтамасыз етсе, ұялы байланыс операторлары 20 мың медицина қызметкеріне тегін байланыс пен интернет пакетін ұсынған.
«Бұл жаңалық тек дәрігерлердің ғана емес, барша қазақстандықтың рухын көтеріп, көңілін серпілтеді деп ойлаймын. Иә, күрделі де, қиын уақыт. Елімізде күн сайын жүздеген волонтер, меценат қайырымдылық жасауда. Өнер адамдары онлайн концерт беруде. Одан басқа да мейірімділік мысалдары өте көп. Осының бәрі рухымыздың мықтылығын дәлелдейді», – деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев.
Сондай-ақ мемлекет шетелде жүрген азаматтарды елге жеткізу жұмыстарын тоқтатқан жоқ. 18 наурыздан бері мыңдаған қазақстандық өз үйіне оралды.
«Президенттің тапсырмасымен 18 наурыздан бастап шетелдегі 7702 Қазақстан азаматын мемлекет өз күшімен елге әкелді. Мемлекет тағы 752 азаматты әкеледі. Бұл Мемлекет басшысының ерекше бақылауында тұр», – деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев.
«Сын сағатта мемлекет ешкімді қиындықта қалдырмайды» деген министр қайырымдылық шараларының әлі де жалғаса беретінін айтты.