Өзін бояусыз елестете алмайтын қуыршақ Әділ Хэйнс көрермендердің сынына қалды, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі «Астарлы ақиқат» бағдарламасына сілтеме жасап.
Алғашқы рет 4-сыныпта боянып көргенін айтқан Әділ Хэйнс, 11-сыныпта өзін бояусыз елестете алмағанын айтты. Қазіргі күні толықтай макияжбен жүреді. Сөзінің ортасында тырнағының өзіне 5 сағат уақытын жұмсайтынын айтты. Басында ата-анасы Әділді түсінбей, сөзге алған. Бірақ уақыт өте келе, отбасысы бұны да қабылдаған.
«Ата-анам бастапқыда мені түсіне алмады. Қазір бәрі жақсы. Мені осылай қабылдады. Менің жандүнием еркек. Мен тек сырт келбетімнің әдемі болғанын қалаймын. Сондықтан боянып жүрем. Өзім мұсылманмын. Құранды оқығанмын. Крест белгісін тек сәндікке тағамын», – дейді ол.
Әділ бағдарламаға не себепті басына қазақтың тақиясын киіп шыққанын түсіндірді.
«Бұл атамның тақиясы. Қазір өмірде жоқ. Алайда әруағы қолдап жүрсін деп кидім», – дейді Әділ.
Бағдарлама қонақтары Әділдің сырт келбетін әйелге ұқсатты. Қазақтың жігітіне тән қасиет емес деп бағалады. Тіпті, көрерменнің бірі орындыққа шығып боянған жігітті ұрып жіберді. Қауіпсіздік қызметі араша түсіп, тоқтау салды.