Шымкенттегі жоғары оқу орындарының бірінен есірткі тұтыну притоны табылды, деп хабарлайды Neonomad.kz қалалық полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасына сілтеме жасап.
Полиция департаментінің мәліметінше, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру барысында қала университетінің бірінің спортзалында есірткі затын тұтыну үшін притон ұйымдастырылғанын анықтаған, деп жазады Otyrar.kz сайты.
«Аталған жәйтқа қатысты ҚР ҚК 302-бабы 1-бөлігімен яғни, «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді тұтыну үшiн притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау, сол сияқты осы мақсаттар үшiн үй-жайлар беру» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде», – дейді Әсел Саденова, Шымкент қаласы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі.
Притон аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінде табылды. Оның ректоры Сандыбай Боранбайдың сөзінше, есірткі тұтуда пайдаланатын әлгі заттар сондағы волейбол ойынынан дәріс беретін педагог әрі спорт бөлімінің меңгерушісіне тиесілі заттардың арасынан табылған. Білім ордасында 15 жылдан бері жұмыс істеген ұстазда әбес қылық байқалмаған.

«Бұл педагог бізде жақсы жұмыс жасады. Бірақ, қылмыс орын алар күннен 4 күн бұрын жұмыстан кетуі жөнінде өз еркімен арыз жазған. Басшылық тарапынан бұйрық та шыққан. Ал сол ұсталған күні ол университеттің спорт залынан қалған заттарын әкетуге келген екен. Міне, сол сәтте қолға түсіп, құрықталғаны рас. Алайда, ол қазіргі уақытта біздің қызметкер болып саналмағандықтан, біз мұны жауапкершілігімізге ала алмаймыз. Сенесіздер ме, мен бүгінге дейін ол адамның бойынан ешбір жаман қасиет байқаған емеспін. Спирттік ішімдік ішпейтін, темекі де тартпайтын. Мінезі де өте салмақты. Отбасылы адам. Сондықтан, бұл қылмысқа сол барды дегенге еш сенбеймін. Мүмкін емес», — дейді университет ректоры Сандыбай Боранбаев.