«Nur Otan» партиясы Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қуат Сұлтанұлы Байғоджаев 2021 жылдың 10 қаңтарында өтетін Парламент мәжілісі мен мәслихаттары сайлауына дайындықтың қалай жүріп жатқанын әңгімеледі. Осы орайда, алдағы сайлаудың әдеттегідей әділетті өтетініне сенім білдірді, деп хабарлайды Neonomad.kz тілшісі.
— Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу барысы туралы толығырақ баяндап берсеңіз. Сайлаудың қыста болуы кедергі келтірмеді ме?
— Құрметті сайлаушылар, Сіздерді жаңа жылдарыңызбен құттықтаймыз! Еңбекшіқазақ ауданындағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу барысы туралы тоқтала кететін болсақ, яғни заңдылыққа сүйене отырып, 10 желтоқсаннан бастап біздің үміткерлеріміз, біздің жақтастарымыз, сенімді өкілдеріміз, осы ауданымыздағы 79 елдімекендегі барлық сайлаушылардың алдында біздің «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Сайлауалды бағдарламамыз – 2025-2026 жж атқарылатын жұмыстар туралы. Бұл негізінен біздің сайлаушыларды толғандыратын, ауыл тұрғындарының өзекті мәселелері. Біздің үміткерлеріміз 11 облыстық және 50 аудандық мәслихатымен бірге Парламент Мәжілісіне үміткер азаматтарымыз біздің елдімекендерімізге келіп, партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Біздің 333 сенімді өкіліміз бар. Сонымен қатар, 211 ерікті азаматымыз 72 мыңнан астам үлестірмелі материалдарымызды біздің сайлаушыларымыздың қолына жеткізді.
Өздеріңіз білетіндей, биылғы жылы пандемия үлкен топтарды жинауға кедергілер туғызды. Шектеуге байланысты 30-40, тіпті, 15 адамнан асқан кездесулер өткізген жоқпыз. Себебі, біз үшін халықтың денсаулығы бірінші орында тұрады. Ал қыс мезгілінде болуы аса кедергі келтірмеді. Өйткені біздің үлестірмелі материалдарымызды тарататын еріктілеріміз орталық штабтан арнайы қыстық киімдер алды. Сондай-ақ, олар жүріп-тұруына қажетті керек-жарақтармен толықтай қамтамасыз етілді.
— Тұрғындар қалай қарсы алды? Бұрындары сайлаудың әділеттілігіне сенбей жататын. Қазір ше?
— Көптеген азаматымыз сайлаудың нағыз болашақта мәселелерді шешетін шара екенін және әр деңгейдегі депутаттардың көмегі тиері сөзсіз екенін жақсы түсінді. Өте жылы қарсы алды. Ең бастысы, көкейінде толғандырған мәселелерді ортаға салып, біз оларды алдағы жоспарға енгізіп қойдық.
— Сайлау алдында өте көп уәде беріледі деуге болады. Солардың артынша 100% орындалуы қалай қадағаланады?
— Сайлауға сенбейтін адамдар бар дейсіз. Сайлауға қатысты әркімде әртүрлі ой болады. Десе де, сайлау әрдайым әделетті өтеді. Биыл, тіпті, ішкілік сайлау – Праймериз өткіздік. Осы ішкілік сайлау кезінде азаматтарымыз болашақта атқаратын жұмыстарын, алдымен, партияластарына жеткізді. Сондай-ақ, сайлаудың сенімді, заңды тұрғыда өтетініне конституциялық кепілдік бар. Халық оған толықтай сенеді. Ал, сайлау әділетсіз өтеді деген арандатушы азаматтардың жалған сөзі болар.
Үміткер мандаттық куәлігін алған соң, фракцияға мүше болып, сол фракцияға комиссия құрылғаннан кейін бірінші күннен бастап берген уәделерінің, яғни бағдарламада жазылған дүниелердің орындалуын бірінші күннен қадағалайды. Тиісінше республикалық, облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, жұмыстың жүргізілуі күнделікті қадағалауда болады. Мұның алдындағы шақырылымда сайланған депутаттарымыз өз уәдесін 95% орындады десек те болады. Осы жолы да 2025 жылға дейін барлық уәде етілген дүние кезек-кезегімен орындалды.

— Биыл үміткер әйелдер мен жастарға, қандастарға қандай да бір қолдау көрсетілді ме? Нақтырақ қандай?
— Биылғы тағы бір ерекшелік заң жүзінде үміткер әйелдерге, жастарға және қандас азаматтарға жеңілдік жасалып отыр. Ауыт Мұхитбек есімді қандасымыз Парламент Мәжілісінің үміткері болып, жақын арада республикалық штаттың құрамында жүріп өтті. Аудандық мәслихатқа үміткер болған азаматтарымыз өзінің іс-тәжірибесін көрсетіп, облыстық мәслихатқа үміткер болуда. Мысалы, «Жастар саясатының» төрағасы барлық деңгейдегі мәслихатқа үміткер.
Додаға 5 партия қатысып жатқанын өзіңіз білесіз. Қоғам өзгеріп жатыр, алда партиялар жүйелі жұмыс жасайды деген үміттеміз. Тұрақты жұмыс жасайтын, өзінің берген уәделерін орындайтын партия қоғам мен мемлекеттің, сайлаушы мен мемлекеттің арасындағы көпір деп айтсақ та болады. Көкейтесті мәселелер біздің партияға келіп айтылып, біз билікке жеткізіп, нақты шешуші жұмыстар жасаймыз. Сондықтан биылғы сайланушылар 1-2 ай қалғанда ғана жұмыс істеп, уәдені үйіп-төгіп, 5 жыл арасында жоқ болып кетпейді. Оның үстіне біздің сайлаушыларымыз да кімнің уәде беріп, ертең жоқ болып кететінін жақсы біледі.
Осы сайлау барысында Қазақстандағы сайлау жүйесінде үлкен өзгерістер болады деп ойлаймын. Болашақта олар толыққанды жұмысын көрсете алуы үшін нақты, жүйелі жұмыс істейді деп ойлаймын.
— Шетелдік инвесторлар үшін елдегі саяси тұрақтылық аса маңызды. Осы сайлаудан кейін олардың саны арта түседі деп ойлайсыз ба? Әлде олар үшін тек президент сайлауы маңызды ма?
Шетелдік инвесторлар үшін елдегі саяси тұрақтылық және кез келген сайлау маңызды. Ешбір азамат өзінің үлкен қаражатын тұрақсыз мемлекетке салмайды. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығының, Тұңғыш президентіміздің салиқалы саясатының арқасында бізге ірі инвесторлар келіп, үлкен қаражат құйып жатыр. Осы сайлауда тұрақтылығымыз одан әрі артып жатса, тек нұр үстіне нұр. Қазіргі президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та инвесторлардың келіп, өз саласы бойынша үлкен жұмыстар атқаруына жағдай жасап отыр. Тек президент сайлауы емес, барлық деңгейдегі мәслихат сайлауы да елдегі тұрақтылыққа тікелей әсер етеді.
— Тұрғындар тарапынан қай ұсыныс, талап-тілек ерекше есіңізде қалды? (Бағдарламаға кірмеген, бұрын-соңды естімеген).
Штаб төрағасы ретінде, ең алдымен, азаматтарымыздың ой-өрісі өзгергенін байқадым. Азаматтарымыз жеке басын толғандырған мәселелерді ғана емес, тұтас ауыл, аудан, қоғамды толғандыратын мәселелерді көтеріп отыр. Пандемияға байланысты халық тарапынан интернет жүйелерінің жылдамдығын арттыру мәселесі өзекті болды. Осы мәселелерді тиесілі органдарға жеткіздік.
Сондай-ақ, пандемияның арқасында медицина саласындағы олқылықтарымызды көрдік. Осыған орай әрбір тұрғынымызға ем-дом жасау үшін құрал-сайман беру туралы ұсыныстар айтылды. Бұл – өте орынды деп білемін. Әрбір айтылған ұсыныс, талап-тілек міндетті түрде ескеріліп, партия халықтың жағдайын жақсарту бағытында бұдан да қарқындырақ жұмыс істейді.
Жасмин БЕГІМ
Сайлауалды үгіт-насихат бағытындағы материалдар «Nur Otan» партиясы Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық филиалының сайлау қорынан төленеді.