Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Sataifilm компаниясының қатысуымен «Қазақфильм» киностудиясы түсірген фильмге қанша қаражат жұмсалғаны белгілі болды, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
«Фильмге 10 миллион доллардан аз қаражат жұмсалды. (…) Теңгемен санағанда – шамамен үш миллиард теңге. (…) Біз ақшаны әрдайым санап отырамыз, себебі бюджет көп болып кетпеу керектігін түсінеміз. Бірақ «Томирис» фильміне жұмсалған ақша әлемдік прокаттан қайтып оралатынына кепілдік береміз. Кино – аз уақытта келетін ақша емес, бұл бизнес емес. (…) Мұнда біздің мәдени игілігімізді, киноны қандай да бір бюджетпен салыстыруға болмайды. Біз ұрпағымызға мұра қалдыруға, тарихымызды құруға тырысамыз», – деді Арман Асенов фильмнің тұсаукесеріне орай өткен баспасөз мәслихатында.
Айта кетейік, фильмді «Қазақфильм» киностудиясы түсірді, оның бас продюсері Әлия Назарбаева.
Режиссер Ақан Сатаевтың «Томирис» тарихи драмасының премьерасы Нұр-Сұлтанда 25 қыркүйекте, ал Алматыда 26 қыркүйекте өтеді. Ал кинотеатрларда оны 27 қыркүйектен бастап көрсетеді.