«Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумында сөз сөйлеген Тоқаев Қазақстанда жаңа университет ашылатынын айтты, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі Nur.kz сайтына сілтеме жасап.
Президент өз сөзінде шетелдік туристердің талғамы өзгергенін, оларды бес жұлдызды қонақ үйлер, курорттар жалықтырғанын жеткізді.
«Оларды әр түрлі халықтардың мәдениетін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін зерттеу, барған елдің тарихымен танысу қызықтырады. Сондықтан, әлемде өзіндік ерекшелігі бар жерлерге баруға, тарихи фестивальдарға және көне әрі қайта қалпына келтірілген маңызды оқиғаларға қатысуға деген сұраныс артып отыр. Біз осындай үрдістерді пайдалануымыз қажет. Қазақстанның әлемге ұсынатын бірегей орындары бар», – деп түсіндірді президент.
Туризм саласын дамытуды, ол үшін кәсіби кадрларды даярлау керектігін айтқан мемлекет басшысы жаңа университет ашылатынын жеткізді.
«Туризм – өте күрделі сала. Тиісті мамандарды дайындауымыз керек. Сондықтан Туризм университетін ашу жөнінде шешім қабылдадық. Дәл осы салада жұмыс істей алатын білікті кадрларды дайындауымыз қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.