Алматы қаласында 12 жасар өгей қызын зорлады деген күдікке ілінген 60 жастағы ер адам іздестіріліп жатыр. Оқиғаның қалай болғанын жасөспірімнің өзі айтып берді, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Қылмысты қыз да, анасы да бес ай бойы жасырып келген. Себебі, ер адам «тіс жаратын болсаң, өлтіріп кетемін» деп қорқытқан. Ал 60 жастағы кавказ ұлтының өкілімен 34 жастағы келіншек 2014 жылдан бері кездесіп жүрген.
Қыздың өзі болса, 60 жастағы еңгезердей еркекті әкесі ретінде көргенін айтады. Қонақүйге апарып, бөлмеге алып кіргенге дейін оның жаман әрекет жасайтынын сезбеген.
«Анам ол кезде жұмыста болған. Бірақ телефоны менде еді. Ол кісі ақша жіберетін болып, мен оны көлік жуу бекетінде күттім. Содан ол кісі көлігімен келіп, «отыр» деді. Әрі қарай мені қонақүйге алып барды. Көзіме көзілдірік, үстіме ұзындау куртка кигізді. Маған «Тыныш отыр, үндеме. Әйтпесе жаман болады» деп қонақүйдің айналасына тоқтады. Қолымнан ұстап, бөлмеге алып кірді», – деп 8-сынып оқушысы барлық болған жағдайды айтып берді.
Жеткіншек бұл туралы анасына айтудан қорыққан. Өйткені ер адамның «Анаң мен апаңды өлтіріп кетемін» деген сөзінен қорқыпты.
Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама өткізіліп, 12 жасар қыздың зорланғаны дәлелденген. Алайда, жәбірленушіні өз қорғауына алған белгілі заңгер Камиша Есмұхамбетқызы күдіктінің әлі қамауға алынбағанын айтты.
«Бұл кісілер 18 тамызда кешкі уақытта маған келді. Сөйтіп дүйсенбі күні арыз жазып, Алматы қалалық ІІД-не бардық. Әрі қарай тергеу амалдары жүргізіліп, сот-медициналық сараптама тағайындалды. Кеше тергеу тобымен оқиға орнына бардық. Ол өте нашар жер екен. Ол жердегілер әлгі кісіні танып отыр. Яғни, ол адам анасының әлсіздігін пайдаланып, шарасыздығын көріп отырған соң қызына тиісіп отыр дегенге негіз бар. Кеше сот-сараптама нәтижесі бойынша қыздың айтқаны дәлелденіп отыр. Бірақ күдікті әлі қамауға алынған жоқ. Дегенмен бүгін қамауға алынуы тиіс», – дейді заңгер.
Сондай-ақ, заңгер әйел өз кезегінде 12 жасар жәбірленушіге тегін көмектесетінін айтты.