Қазақстанда тұрғын үй мәселесін шешуде жаңа бағдарлама ұсынылды. Ол бойынша ипотека тек әйелдерге беріледі. Бастапқы жарнасы 15-20 процент болады, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
Айта кететін бір жайт, қарыз жаңа үйге де, не болмаса біреудің пәтерін сатып алуға да болады.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің мәліметінше, берілетін қарыздың ең көп сомасы – 30 млн теңге болмақ.
Бастапқы жарна:
- 15%, табыс 200 мың теңгеден аз болса (516 доллар);
- 20%, табыс 200 мың теңгеден көп болса.
Қарыз бойынша проценттік үстемақы мөлшері әзірге белгісіз. Қазіргі уақытта Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде ең жоғары үстемақы – 8,5%.
Аталмыш кредит төрт мыңға жуық әйелге беріледі деп жоспарланып отыр.
«Әйелдер әлі де ерлер алатын жалақының үштен бір бөлігін ғана алады. Табыстың төмен болуы әйелдерге пәтерге кредит алудың қиынырақ екенін көрсетеді. Сондықтан біз Азия даму банкімен бірлесе отырып, еліміздегі әйелдерге қолдау көрсетуді жөн деп шештік. Азияда мұндай жоба алғаш рет қолға алынып отыр», – деді Ләззат Ибрагимова.
Еске сала кетсек, Азия даму банкі «Гендерлік теңдікке тұрғын үйді қаржыландыруда жәрдемдесу» жобасы аясында Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне 100 миллион доллар кредит береді. Ол қаражат тек әйелдерге ипотека алуға бағытталады.
АДБ қарызының 60%-тен астамы ауыл әйелдеріне беріледі. Кем дегенде 20%-і – табысы төмен әйелдерге ұсынылады, делінген Азия даму банкінің хабарламасында. Толығырақ оқыңыз.