Алматы облысындағы саяжайлардың бірінде шалбарын шешіп, әйелдерді қуатын ер адам ұсталды, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Ерсі қылығымен әйелдер мен балалардың жүрегіне қорқу ұялатқан 26 жастағы ер адам ұсталды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады.
Еске сала кетсек, шілде айында қала маңындағы ауылдардың бірінде әйелдерді қуып, шалбарын шешіп, өз-өзінен қозып, содан соң тығылып қалатын еркек жайлы видео әлеуметтік желілерде тараған болатын. Ұятты көріністі алыстан түсірген әйел желіге жүктеп, полицияға арыз жазған еді.
«Видеоның сапасы нашар, алайда аталған іс бойынша күдіктіні анықтау мақсатында жедел-іздестіру шаралары ұйымдастырылды. Мұндай оқиғаның қайталанбасы үшін ауылға патруль қойылды. Келесі күні Іле ауданының полиция қызметкерлері Өтеген батыр ауылының 26 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Ер адам бәрін мойындап, өзінің бұл ерсі әрекетін мас болуымен түсіндіруге тырысты», – деп хабарлады Алматы облысы бойынша ДП баспасөз қызметі.
Қазір ұсталған адам ұсақ бұзақылық бабы бойынша жауапқа тартылуда.
«Ұсталған ер адамның облыста тіркелген басқа да құқық бұзушылықтар мен қылмыстарға қатысы бар-жоғы міндетті түрде тексеріледі», – деп толықтырды облыстық ІІД баспасөз қызметі.