Мектеп ауласында орналасқан дәретханада оқушы қыздың зорлануынан кейін Таразда шенеуніктер бірінен соң бірі қызметінен босатылып жатыр. Осы ретте қалалық полиция басқармасының басшысы лауазымынан кетті, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Тараз қалалық полиция басқармасының басшысы Ардақ Мәдимарова қызметінен босатылды. Бұған қоса, мектеп инспекторы ішкі істер органдарынан шығарылып, Тараз қалалық полиция басқармасы қызметтерінің басшылары жазаланды», – деп хабарлады ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жиын өткізіп, онда кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық қылмыстардың, сондай-ақ жасөспірімдер қылмысының алдын алу туралы кеңестер айтылды.
Сонымен қатар, министр өңірлік басшыларға жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қордаланған проблемалық мәселелерді мұқият талдауды және шешуді тапсырды.
Учаскелік және мектеп полиция инспекторларының жұмысын ұйымдастыру, мектептер мен балабақшаларда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін күзет ұйымдарын тарту мәселелері қаралды.
Тұрғымбаев бірқатар өңірлік полиция департаменті мен салалық қызмет жұмысында орын алған елеулі кемшіліктер мен олқылықтарды атап өтті.
Жиын барысында, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау және Жамбыл облыстарының полиция департаменттерінің басшылары сынға түсті.
Кеңес қорытындысы бойынша бірқатар басшы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды:
- Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескертілді;
- Ақтөбе облысы полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстановқа қатаң сөгіс жарияланды;
- Алматы облысы полиция департаментінің бастығы Мұрат Ұрымхановқа қатаң сөгіс жарияланды.
«Полицияны бағалаудың негізгі индикаторларының бірі – кәмелетке толмағандардың қылмыстық қол сұғушылықтан қорғалу деңгейі екеніне аумақтық департамент басшыларының назарын аударамын. Адамдар бізден дәл осыны күтіп отыр. Біз олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндеттіміз», – деді министр Тұрғымбаев.
Еске сала кетейік, Таразда мектеп әжетханасына 12 жастағы қыз зорланғаны туралы жаздық. Осы оқиғадан соң білім ошағының педагогтары шетінен қызметінен босатылып жатыр. Мектеп директорының орынбасары, бір мұғалім және вахтер жұмысынан шеттетілгені белгілі.
Осыдан кейін Облыстық білім басқармасының басшысы жұмыстан босатылды. Толығырақ оқыңыз.
21 қараша күні Тоқаев мектеп әжетханасында болған зорлық ісінен соң Тараз әкімін қызметінен босатуды тапсырды.
Кейін белгілі болғандай, он екі жастағы қызды зорлаған 36 жастағы ер адам бұған дейінде зорлық бойынша сотта болған екен. Толығырақ оқыңыз.