Алматыда таракандарды улаймыз деген ана мен бала өздері уланып, жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Осыдан бір апта бұрын таракан улаймыз деген 67 жастағы Светлана Баленко мен 30 жастағы ұлы ауыр жағдайда ауруханаға түскен. Оларға жәндіктерді өлтіретін құралдан улану диагнозы қойылған. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр.
«Анамды дүйсенбі күні ауруханаға алып кеткеннен соң, келесі күні менің де жағдайым нашарлады. Тіпті қазірдің өзінде әзер тұрмын.Әйтпесе үйде екіүш сағат қана болғанмын. Халық бұл дәрілердің зиян екенін біліп, абай болса екен деймін. Сондай-ақ, мұндай адам өміріне қауіп төндіретін препараттарды жасап шығарғандарды жазалау керек», – Марина Баленко.
Дәрігерлердің сөзінше, өкпелерінің істен шығуына ана мен баланың өздері кінәлі. Өйткені дәрігерлердің көмегіне дер кезінде жүгінбеген.
«Қазір науқастардың жағдайы ауыр. Бізге олар дер кезінде жеткізілмеген. Енді жансақтау бөліміне жатыр. Сондайақ жасанды аппаратпен тыныс алуда. Тиісті ем-шара жүргізілуде», – Гүлмира Тойбаева, Алматы қалалық шұғыл көмек көрсету ауруханасының бөлім меңгерушісі.
Зардап шеккендер үйдегі жәндіктерді өлтіруге «Палач» деп аталатын ресейлік өнімді қолданған. Оның құрамына орташа қауіпті заттар кіреді екен. Сондай-ақ, нұсқаулықта үйде адам жоқ және терезелері ашық жағдайда ғана қолдануға болатыны көрсетілген. Осылай деген мамандар уланудың себебі қауіпсіздік ережелерінің сақталмауынан дейді.
«Біз үйіне шығып, қызымен үйінде қалған препараттарды тауып алдық. «Палач» деген препарат болып шықты. Тағы бір препарат «Пасбуд» деген. Ол екі препаратты бүгінде тексеруге зертханаға өткіздік. Содан кейін үйдін ішіндегі ауаны өлшеуге алдық»,- Айзат Молдағасымова, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы.