«Тальгода» зорланған келіншек ғаламторда өзі туралы ақпарат таратқан бірнеше адамның үстінен полицияға арыз жазды. Бұл туралы «НеМолчи.KZ» қозғалысының жетекшісі Дина Смаилова айтып берді, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі «Ақтөбе Таймс» басылымына сілтеме жасап.
YouTube желісінде «Шок. Тальгодағы зорлау» деген тақырыппен бейнежазба тарап, қолданушылардың арасында қызу талқыға түскен. Осы бейнежазбалар мен суреттерге байланысты «Тальго» пойызында зорланған келіншек полицияға арыз түсіріп, деректерді жариялаған адамдарды жазалауды сұрады.
«Видеода олар жәбірленушінің суреттерін қолданады, оның аты мен тегі, туған жері туралы ақпарат та бар. Сот жабық режимде өтті, сондай-ақ, бұл ақпаратты жариялауға заңмен тыйым салынған. Аталған видеоны 3000-нан астам адам қарап үлгерген. Қазіргі таңда видео ғаламтордан алынып тасталды», – дейді Дина Смаилова.
Жәбірленуші өзі туралы ақпарат таратқандарды ғана емес, сотталғандардың бірінің әкесінің үстінен арыз жазған.
«Ол адам бізден ақша жымқырды деген жалған ақпарат таратыпты», – дейді Дина Смаилова.
Оған қоса, «Тальгода» зорланған келіншек Ақтөбе қаласының белсенділерінің бірі Бақытжан Құрмановты да айыптап отыр. Жәбірленуші азаматты жеке мәліметтерді бұқаралық ақпарат құралдарына таратқаны үшін кінәлі деп санап, үстіне арыз түсірген.
«Сот отырысынан кейін ақтөбелік азамат Ақтөбеге көшіп, денсаулығын оңалтпақ. Қазіргі таңда ол жұмыс істей алмайды», – дейді Дина Смаилова.