Қазақстанда 140 ұлт пен этностар өмір сүретін, толеранттылық пен достықты алға тартатын ел. Қазақ халқы да қашанда сыйлағанды төрге сүйреп, құрмет танытқанға ізеттілік көрсеткен. Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін елімізде түрлі этностар менен диаспоралар қоныстанып қалып, осы күні барлығы тату-тәтті өмір сүруде. Қазақстанда туып-өскен олар қашанда еліміздің тарихына үлкен құрмет танытып, оны терең қабылдап, рухани-мәдени тұрғыдан бауырлас атанып кетті. Елдегі тұрақтылықты сақтап, ұлтаралық келісімді ұстап отырған Қазақстан Халқы Ассамблеясы сынды үлкен ұйым да қарқынды жұмысын жүргізуде. Осы тұрғыда, аталған қоғамдық институттың жастар өкілдерінен халқымыз үшін ғана емес, түркі жұрты үшін ерекше ыстық саналатын Түркістан қаласының облыс орталығы болып, Түркістан облысы деп қайта аталуы жайлы ой-пікірлерін сұраған болатынбыз. Көбі жылы естеліктерімен бөлісіп, алдағы уақытта сәттілік тіледі. Ал, көп созбай назарларыңызға ұсынамыз.
Максим Споткай, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясы «Жаңғыру жолы» республикалық қозғалысының төрағасы:
«Түркістаннан кез-келген адам рухани азық алады
Өткен жылы Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысының орталығын Түркістан қаласына көшіріп, атауын Түркістан облысы деп қайта атау туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Мұндай тарихи шешімді Қазақстан халқы ғана емес, бүкіл түркітілдес әлем ерекше толқумен қабыл алды. Біріншісі, Түркістан – мәдени-рухани қала. Ол қалада кез-келген адам үлкен рухани азық алады. Көне тарихи нысандар, керемет ғимараттар баз бір сол кезеңнен сыр шертіп тұрғандай күйге бөлейді. Екіншіден, түркі жұртының аса қадірлі тұлғасы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі сәулет өнерінің озық үлгісі, жүздеген ғасырдың толқынында құламаған маңғаз нысан тұр. Ол мәдениет тұрғысанан алғанда да, рухани және сәулет тұрғысынан қарағанда да ерекше әсерлі және маңызды болып табылады. Кей аңыздар бойынша әлемдегі Александриядан кейінгі ең үлкен кітапханалардың бірі орналасты деген Отырар қаласы да осы аймақта орын тепкен. Тіпті, Отырар апатының өзі кез-келген адамның бойына ерекше сезім сыйлайтын оқиға деп білеміз. Жер жүзі мойындаған екінші ұстаз Әбу-Насыр Әл-Фараби де көне Фараб қаласында туылып, алғашқы кіндік қаны тамған жер тарихы қазынаға толы құтты аймақ.
Бүгінгі түрленген Түркістан жаңаша сипатта дамуда. ҚР Үкімет менен Түркістан облысы әкімдігінің қабылдаған бас жоспары бойынша нақты іс-шаралар әрекеті бекітіліп, тапсырмалар берілді. Өңірге инвесторлар тартылып, керемет нысандар бой көтеруде. Әр бір облыс өз үлесін қосу мақсатында бір-бір ғимараттан сыйға тартып, олардың құрылысын қарқынды жүргізуде. Халықаралық су жаңа әуежай салынып, сапаржай менен жаңа темір жол бекетін тұрғызу да жоспарда бар. Жаңа шаһардың басты сәулет нысаны Ұлттық нақышқа негізделіп салынбақ. Мұндай жоспары жұмыстар болашақта Түркістанның туризмнің қайнаған қаласына айналуына мүмкіндік береді деп ойлаймын. Бастысы елімізде жаңа бір сәулеті мен дәулеті тасыған керемет ғимарат бой көтереді деп сенемін».
Александр Тен, «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» РҚБ төрағасының орынбасары: Түркістан – Қазақстанның тарихи мұрасы
Мен, өзімді осы бір Ұлы даланың түйіршіктей бөлшегі сезінемін. Аралда туып-өскен маған Қазақстаннан асқан Отан жоқ. Бала кезімнен қазақ тілін жетік меңгеріп, түрлі олимпиадалардан жүлделі орындарды да еншіледім. Қазақстан тарихымен де етене таныстым. Сол кезде мені Сыр бойының тұнған тарихынан бөлек ерекше толқытқан үш оқиға болды. Біріншісі, кезінде Фараб атанған оңтүстік өңірдегі ежелгі қаладан әлем мойындаған, жер жүзі екінші ұстаз атаған Әбу-Насыр Әл-Фарабидың шығуы. Ұлы ойшыл осы өңірде туып-өсіп, кіндік қаны тамып, кейіннен Дамаскке жол тартқан. Бұл қазақ даласының қасиеттілігін білдіреді. Екіншісі, Отырар қаласы болатын. Ең ежелгі Александрия кітапханасынан кейін қоры мен маңыздылығы бойынша екінші орын алатын кітапханасы болған деген аңыз бар. Енді бір Мұхтар Шаханов ағамыздың Отырар туралы дастаны. Ежелгі шаһарды Еуразияны шошындырған Шыңғыс ханның өзі алты ай бойы ала алмай, ақыры іштен сатқын тауып, қақпасын аштырып, бүтіндей өртеп жіберуі туралы баяндалған шығарма бір сілкіндірері анық. Үшіншісі, түркі жұрты аса қадірлейтін Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мен оның мұрасы. Қызығып, бірнеше хикметін оқып, өзіме ой түйдім. Шынында, ғасырға бергісіз, ұлтқа, дінге қарамай, адам баласының болмысын сипаттап, оң жолға салатын керемет еңбектер екен. Осы бір үш оқиға орын алған кең өңір өткен жылға дейін Оңтүстік Қазақстан облысы деп аталып келген еді. Алайда тарихи атауы Түркістан болатын. Түркі елдері оны Түркістан (түріктердің тұрағы деген мағына) деп танитын. 2018 жылдың маусымында Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев облыс орталығын Түркістан қаласына көшіріп, атауын Түркістан облысы деп қайта өзгертуі осы бір тарихи бейнені қайта әкелгендей болды және ол өте орынды деп білемін. Өзіме ыстық осындай тарихи күнтізбесі бар мекен шынында Қазақстан үшін құнды жәдігер, мәдени мұра. Ол болашақта елдегі туризмнің де дамып, шарықтауына, осы жерді мекен ететін халықтың абыройын еселеуге ерекше серпін береді деп сенемін.
Фарангиз Ахметова, кәсіпкер, наубайханашы, «Нұр Отан» партиясының «Достық» Бастауыш партия ұйымының төрайымы, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі: Алдағы он жылдықта жаңашыл Түркістанды көреміз деп сенемін
Қазақ халқына ерекше жақын бауырлас өзбек елі деп бала кезден еститінмін. Тарихтың өзінде Ташкентте, Бұқара менен Самарқандта көптеген қазақ зиялылары білім алып, еңбек еткен. Ал біздің өзбек халқы үшін Түркістан қаласы, Оңтүстік өңір қашан да ыстық болатын. Өзім киелі жер Жамбыл өңірінде туып-өскенмін. Қазақстанның топырағында нәр алған маған қашанда оның тарихы да, құндылықтары да ерекше қызық болатын. Әсіресе, тарихи кесенелер менен қорымдар туралы, олардың маңызы жайлы көп еститінмін. Маңғыстаудағы Бекет Ата үңгірі, Қызылордадағы Қорқыта ата кесенесі, Тараздағы Қарахан кесенелері жайлы көп еститінмін. Ал біздің отбасымыз үшін ерекше маңызға ие Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі болатын. Себебі ол ислам дінінің көрнекті өкілі, софылық жолды кең насихаттаған тұлға болып табылады. Атақты Әмір Темірдің өзі әдейілеп кесене орнатып, құрмет танытуы оның қаншалықты беделді болғандығын танытады.
2018 жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысының орталығын Түркістан қаласына көшіру және облысты Түркістан облысы деп қайта атау туралы қаулы қабылдады. Бұл шешім тек Қазақстан халқын ғана емес, барша түркі жұртына бір қуантты. Себебі түркі елдері үшін Түркістанның маңызы зор болатын. Тек түркі елі емес, ислам дінін ұстанатын көптеген көршілес елдер үшін де бұл жаңалық жағымды болды. Бүгінгі Түркістан өзгеше бейнеге бөленуде. Құрылыс жұмыстары жүргізіліп, сәулетті ғимараттар салынуда. Басым бөлігі Шығыстық дизайнға бағытталып бой көтермек. Бұл өз кезегінде қалаға ерекше калорит сыйлайды деп білемін. Бала кезден санамызға құйып өскен рухани-мәдени қаланың қайта жаңаруы шынында өте батыл бастама, үлкен іс деп түсінемін және алдағы он жылдықта жаңашыл Түркістанды көреміз деп сенемін.
Виталий Шеминг, Солтүстік Қазақстан облыстық жастар мәслихатының төрағасы: Жаңа мүмкіндіктер қаласы
«2018 жылдың 19 маусымында Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» заңдық күші бар Жарлығына сәйкес еліміздегі тарихы тұнған ең халқы көп өңірдің орталығы ретінде Түркістан қаласы бекітілді. Бұл тарихи құжат өңір үшін ғана емес, бүтін бір ел үшін аса маңызды қадам болып табылады.
Түркістан облысында осы уақыт ішінде көпбалалы аналарға атаулы әлеуметтік көмек көрсету мөлшері орташа есеппен 40 пайызға артса, биылғы жылы облыс бойынша барлығы 1724 пәтер тапсырылып, мыңдаған адам қоныс тойларын тойлады. Қаланың бекітілген бас жоспарына сәйкес жаңа қалашық үшін бөлінген 700 гектарға жуық жердің 300 гектары көпқабатты тұрғын үйлерге бөлініп, онда 65 мыңға жуық адам тұрады деп ойластырылған. Бұл қарап отырсаңыз тұтас бір жаңа қала. Қала болғанда да сәулеті мен дәулеті жарасқан бүгінгі заманға лайық шаһар.
Қаланың бас жоспарында «Көне Түркістан» тарихи бөлігін жаңғырту жобасы жүзеге асырылмақ. Бұл дегеніміз Ахмет Яссауи кесенесінің төңірегі, шаһардың өзге бөлігіндегі тарихи орындар қазіргіден де тартымды бола түсіп, қалаға ерекше көрік береді. Мұндай қадам қаланың ғана емес, облыстың дамуында ерекше серпін бермек. Бас жоспардағы сызбаларға қарап отырсақ, әкімшілік-іскерлік орталықтың келешектегі көрініс көңіл қуантады. Мұндағы желекжолдар, саябақтар күні ертең қала тұрғындары мен қонақтардың серуендейтін басты аймағына айналып, өзгеше қуаныш сыйламақ.
Түркі елдері кеңістігінде ерекше орны бар бұл өңір Батыс Қытай – Батыс Еуропа автодәлізінің бойында орналасқан. Ол дегеніміз логистикалық тұрғыдан алғанда өте тиімді және қолайлы әрі пайдалы. Көне Жібек жолының бір тармағын алып жатқан атырап еліміздің дамуы жолында сүбелі үлес қосарына сенімім мол.
Рустам Оганесян, жетекші дәрігер, бірнеше салалық марапаттардың иесі: Түркістан – қасиетті жер
Біздер қашанда өзімізді Қазақстанда еркін әрі бақытты сезінеміз. Мұнда менің ұлтыма, дініме немесе тіліме деген қысым көрген емеспін. Бала кезімнене аулада қазақ, ингуш, кәріс ұлтының балаларымен бірге ойнап, доп қуалайтыынбыз. Ортам қазақ тілді болған соң өзім де қазақ мектебінде білім алдым. Ұлтым армян болса да маған ол еш кедергі келтірмеді. Қазақстан тарихы менің сүйікті пәндерімнің қатарында болатын. Сөзсіз, өзім дәрігер болғандықтан биологияна ерекше ұнаттым. Дегенмен, тарихқа да бір табан жақын болдым. Есімде, орта ғасыр кезеңін өткенімізде мұғаліміміз бізге Түркістан жайлы, сол кездегі оның өзге атаулары туралы көп айтатын. Әсіресе, Әбу-Насыр Әл-Фараби туралы ұзақ сөйлеп, үлкен мақтанышпен оның сол аймақта туып-өскенін жеткізді. Кейін әдебиет пәнінен Отырар апаты туралы дастан оқыдық. Ал ауладағы балалар жазғы демалыс уақытында «Түркістанға барамыз. Қожа Ахмет Яссауи кесенесін көреміз» деп айтып жүретін. Кейін есейген соң өзімде әдейілеп Түркістан қаласына ат басын тіредім. Біріншіден, сөзсіз логистика мәселесімен сервис жағдайы көңіл көншітпеді. Дегенмен, ондағы кесенелер мен тарихи орындар, қаланың өзіндік калориті бірден баурап алды. Шығыс моншасы, Отырар бекінісі, Қожа Ахмет Яссауи кесенелері туралы тек кітаптан оқитынбыз. Ал сол кереметтерді өз көзіммен көріп, қолыммен ұстап көру өзгеше сезім сыйлады. Орта ғасырда ен далада сондай керемет сәулет ғимаратын тұрғызып, құрмет көрсету нағыз ерлік деп түсіндім. Жалпы Түркістанның Қазақстан халқы үшін қандай маңызға ие екендігін бұрыннан білетінбіз. Өткен жылы Елбасы Түркістан қаласын Түркістан облысының орталығы деп көшіргенде сөзімнің растығына тағы бір мәрте көз жеткіздім. Жанымдағы әріптестерім де ерекше қуанып, бір мақтанып қалды. Себебі әр бір азаматқа өз тарихына құрмет көрсетіп, рухани азық мекеніне көңіл бөлу ерекше қуаныш сыйлайды. Бүгінде Түркістанда қарқынды жұмыстар жүріп жатыр деп естудеміз. Басты айтарым, логистикалық мәселе менен сервис жағына баса көңіл бөлсе, туристер мұхит асып та келер еді деп сенемін. Бастысы, ол қала расында өзіндік қасиетке ие.
Бекарыстан НҰРЛАНҰЛЫ