Алматы қаласында бейтаныс әйел 5 жасар баланы балабақшадан ұрлап әкетпек болды, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл жағдай 16 шілде күні Медеу ауданындағы балабақшалардың бірінде болған.
«Балабақшаға үстіне ұзын көйлек киіп, көзіне қара көзілдірік таққан әйел келген. Ол «Өтініш, Әлиханды шақырып жіберіңізші» деп айтқан. Өзін ұлымның әпкесімін деп таныстырыпты. Бұдан кейін ол баламды жетектеп, тезірек сол жерден шығып кетуге тырысады. Алайда тәрбиеші соңынан жүгіріп барып, «Тоқтаңыз, біз сізбен дұрыстап сөйлеспедік. Сізге баланы бұлай бере салмаймын» деген екен. Әйел өз кезегінде біздің жол апатына түскенімізді айтып, есікке қарай беттейді», – деді бүлдіршіннің анасы Лаура Мусина.
Тәрбиеші бірнеше секундтан кейін жүгіріп барып, бүлдіршіннің қолынан ұстап, анасына хабарласқан соң ғана жіберетінін айтқан. Сонда әйел баланы тастап, сыртқа шығып кетеді.
«Күйеуім екеуіміз ол әйелдің кім екенін де білмейміз. Жалпы ол жақсылап жасырынған екен», – деді ұлдың анасы.
Алматы қаласы полиция департаменті өз кезегінде аталған жағдайға қатысты тергеу жұмыстарының басталғанын айтты.