Түркістан облысында түнгі сағат 00:00 шамасында 4 жастағы қызын алып дүкенге шыққан ер адам біраздан соң кішкентайдың жоғалғанын байқаған, деп хабарлайды Neonomad.kz жергілікті полиция департаментіне сілтеме жасап.
Оқиға Сарыағаш ауданында болған. Артынан ерген кішкентай қызын таппаған әкесі әйеліне хабарласады. Содан екеуі қосылып екі сағаттай іздеп, еш жерден таппаған.
Өз күштерімен іздестіргендерімен, қыздарын таба алмаған ата-ана жергілікті полиция бөліміне хабар береді.
Ата-ананың жанайқайына тез жеткен Сарыағаш тәртіп сақшылары көшелердегі бейнебақылау камераларының жазбаларын тексеріп, жедел іздестіру шараларын ұйымдастырған.
Сөйтіп түн жарымда жалғыз өзі жылап жүрген 4 жастағы қыз табылып, ата-анасына қайтарылды.
«Әкесінен қалмай дүкенге барамын деп жылады. Қызымның көңілін қалдырмай түнгі уақытта жіберіп едім. Нәтижесі осы болып отыр ғой. Жеті түнде қызымды жіберген өзім де мүлде дұрыс істемедім. Алайда әкесіне сеніп едім.
Полицейлердің тез арада бағыт алып, тауып бергеніне ризамын. Әсіресе, учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Заман Қошбаевқа айтар алғысым шексіз. Бұзақыларға жолықпай, дін аман болғанына Аллаға шүкір», – дейді қапелінде қызынан айырылып қала жаздаған анасы.