Оңтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті криминалды полициясының бұрынңы бастығы Кенжебек Оңдасыновқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Neonomad.kz Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.
Сот үкімі Еңбекші аудандық сотында оқылды.
Тергеу мәліметі бойынша, Оңдасынов «Сыра падишасы» атанған Тоқтар Төлешовтың бұйрығын орындаған. Нақтырақ айтар болсақ, сотталып кеткен Төлешовтың жеке басына қатысты жұмыстарын атқарып, қауіпсіздігі үшін полицияның арнай жасағын жұмсап отырған.
Сот үкімі бойынша, Оңдасынов 1,5 бас бостандығынан айырылды. Қылмыспен келтірілген залал — 106 619 теңге сотқа дейін, өтелген екен.
2018 жылдың 29-тамызында тұтқынға алынған Оңдасынов енді жазасын қауіпсіздігі барынша төмендетілген түрмеде өтейтін болады.
«Оңдасынов Кенжебек Мамырұлы ҚР ҚК 361-бабы, 4-бөлігі, 1-тармағында көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 айға сотталды. ҚР ҚК 50-бабы 2-бөлігіне сай, мемлекеттік қызметте, судья қызметінен, жергілікті өзін-өзі басқару орындарында, ҚР Ұлттық банкінде және оның ведомстваларында, мемлекеттік ұйымдарда және жарғылық капиталында мемлекет үлесі елу пайыздан асатын ұйымдарда, оның ішінде акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтерде жұмыс істеуге, лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерінде өтеуі белгіленді. ҚР ҚК 49-бабының негізінде сотталған Оңдасынов Кенжебек Мамырович «полиция полковнигі» арнаулы шенінен айырылды. Жазаны өтеу мерзімі іс жүзінде ұсталған күнінен, яғни 2018 жылғы тамыз айының 29-нан бастап есептеледі», – деді Қайрат Ізбасаров, Еңбекші аудандық сотының судьясы.