Тілалғыш күйеуінің махаббатынан шаршаған әйел Эль-Фуджайра әмірлігінің шариғат сотына арызданған, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Біріккен Араб Әмірлігінде әйел адам күйеуіне шағымданды. Әйелдің сөзінше, ер адам барлығына төзіммен қарап, әйелінің сөзіне ешқашан қарсы шықпаған. БАӘ азаматының айтуынша, күйеуі талай рет үй жинап, тамақ та пісіріпті.
«Ешқашан дауыс көтеріп, бетімнен қаққан емес. Маған тілалғыш күйеу емес, анда-санда дауласып, тіпті ұрсысып тұратын адам керек. Тым құрыса, бір рет дауласқым келеді, алайда мінезі жұмсақ күйеуім оған жол бермейді. Әрдайым кешіріп, сыйлықты үйіп-төгеді», – деп мәлімдеді әйел сотта.
Сот отырысында белгілі болғандай, ер адам әйелінің көңілінен шығамын деп қатаң диетаға отырып, спортпен шұғылданған екен. Себебі, әйелі оның артық салмағын айтып, сынаған. Тіпті жаттығу кезінде ер адам аяғын сындырып алыпты.
Шариғат соты істі қарауды кейінге қалдырып, ерлі-зайыптының татуласуына мүмкіндік беруге шешім қабылдады.