Бұрынғы вице-министр Эльмира Суханбердиева №3 мектебінің директоры Елена Шеверняевамен заңсыз кәсіпкерлік істі жүзеге асырған, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Елордада орналасқан №3 гимназияда ұзақ уақыт бойы жеке мектеп жұмыс істеп келген. Бұл туралы Агенттіктің аса маңызды істері бойынша тергеушісі Ринат Аймұқанов айтты.
«Бұл мектеп іс жүзінде Е. Шеверняеваға тиесілі болған. Істі кедергісіз жүргізу үшін Е. Шеверняева өзінің құрбысы вице-министр Суханбердиевамен бірлесіп жұмыс істеген. Олар өздерінің қызметтік өкілеттігін пайдаланып, мектепке «қамқорлық» жасап келген. 2016 жылы білім басқармасы өз оқушыларына орын жетпей жатқан мемлекеттік мектепте жеке мектептің жұмыс істеп тұрғанын сынға алып, директор Е. Шеверняеваға шара қолдануды тапсырған. Директор құрбысы Э. Суханбердиеваға жүгініп, білім басқармасына ықпалын тигізген», – деді Ринат Аймұқанов елордада агенттік пен қалалық білім басқармасының бірлескен жиналысында.
Тексеру кезінде сынып жетпеген оқушылар жертөледе оқып келгені белгілі болды.
«Санитарлық-эпидемиялық бақылау мен өрт қауіпсіздігі қызметі мектептен бірқатар заңбұзушылықтар тапты. Анықталғандай, гимназияның 48 оқу кабинеті жеке мектепке жалға берілген, 10 кабинет пен тағы бес кабинет біріктірілген. Бұл жалпы сыныптар санының 20% құрайды. Бұл мектепте оқушылардың көптігі бұрын да байқалған. Ал Е. Шеверняева мемлекеттік органдарға мектептің өз сыныптарын жалға бере алатыны туралы дерек өткізген. Мемлекеттік мектеп оқушылары кабинет жетіспеушілігінен жертөледе, бала толы сыныпта оқуға мәжбүр болған. Атап айтқанда, «алғашқы әскери дайындық» пен «технология» сабақтарына ұлдар мен қыздар жертөледе бір сыныпта оқыған», – деді Р. Аймұқанов.
Тергеушінің сөзінше, 3 жылда мектептің бос орын жоқ деген желеумен балаларды қабылдамау фактілері болған.