Білім және ғылым министрі мемлекеттік жоғары оқу орындарының ректорларына мұғалімдердің жалақысын 30 проценттен 50 процентке дейін көтеруді тапсырды, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
«Достар, Мемлекет басшысы білім беру сапасын арттыру және педагогтерді қолдау жөнінде тапсырма берді. Осы тапсырма аясында министрлік мемлекеттік ЖОО ректорларына ЖОО оқытушыларының еңбекақыларын 2020 жылдың 10 қаңтарына дейін 30-дан 50% – ға дейін арттыру міндетін жүктеді», деп жазды министр Facebook-тегі парақшасында.
«Біз жоғары оқу орындарының бюджеттеріне талдау жүргіздік. Ол еңбекақы төлеу қорын ұлғайту үшін резервтердің бар екендігін көрсетті. Бүгінде бірқатар жоғары оқу орындарының оқытушылары 60-70 мың теңге көлемінде жалақы алатын жағдай қалыптасқан. Мұндай саясатпен сапаны талап ету мүмкін емес. ЕҰУ, Каспий университеті мен Тараз педагогикалық университеті сияқты жоғары оқу орындары жалақыны қазірдің өзінде көтеруді бастады. Қалған мемлекеттік ЖОО менің тапсырмамды міндетті түрде орындаулары тиіс», – дейді ол.