Лондонға ұшып кеткен Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Instagram желісінде видео жариялап, қай жерде жұмыс істегісі келетінін айтты, деп хабарлайды Neonomad.kz.
Қазақстанда тұрып, сонда жұмыс істеп, әлем тануға кеңес берген Шымкент әкімі сырт елден бейне жолдау жариялады.
«Лондоннан сәлем жолдаймын. Таңғы астан кейін Гайд-паркте серуендейін деп шештім. Лондон – әлемнің астанасы. Әрине, оны дәлелдеудің қажеті жоқ шығар. Бірақ мен Қазақстанды жақсы көремін. Қазақстанда тұрып, сонда жұмыс істеп, әлемге саяхат жасау керек», – дейді Лондонға жұмыс сапарымен барған Шымкент әкімі.
Елбасы 1993 жылы жас буын үшін маңызды жарлыққа қол қойып, оларға жағдай жаратқанын тілге тиек етті.
«1993 жылы президент «Болашақ» стипендиясын тағайындау туралы жарлыққа қол қойды. Мен өз еліме, Елбасыға, үлкен буынға алғысымды білдіремін. Олар мемлекеттің іргетасын қалыптастырып, бізге ақыл-кеңестерін айтып, қолымызға белгілі бір салаларды, қызметтерді беріп жатыр. Менің ойымша, Қазақстанның болашағы жарқын. Мен оған сенемін», – дейді ол.