Шетелдік өзіне ес-түссіз ғашық болған павлодарлық әйелді миллион теңгеге алдады, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі Павлодар облысының полиция департаментіне сілтеме жасап.
Полиция департаментіндегілер 57 жастағы әйелдің шетелдікпен әлеуметтік желіде танысқанын айтты. Ол бастапқыда өзінің АҚШ азаматы екенін және Кабулда жұмыс істеп жүргенін бөлісті. Қошемет сөздермен әйелдің басын айналдырып алған соң, әйелді көру үшін Қазақстанға келгісі келетінін айтады.
«Павлодар тұрғынының айтуынша, шетелдік заттарын жинап, барлығын Қазақстанға қарай салып жібергенін айтқан. Алайда ер азаматта ақша жоқ болғандықтан, әйелден жүк үшін 2 550 долларды төлеуді сұраған. Бей-қамсыз әйел ойланбастан несие алып, ақшаны курьер-агент арқылы салып жібереді», – деді өңірдің ПД баспасөз қызметіндегілер.
Шетелдік азамат мұнымен тоқтамай, жүгінің тағы бір жерде тұрып қалғанын айтады. Осы орайда ол павлодарлық «сүйіктісінен» бұрынғысынан көбірек сұрайды. Кейін әйелде бұдан артық ақша жоғын білген соң, із-түссіз ғайып болған.