Атырауда байдың баласы үйленіп, шашуға құны 500 мың тұратын елу телефон таратылды. «Мықты» деп тамсанатын жайт емес, өйткені бірінен соң бірі өтіп жатқан байлардың тойы тапқырлықтан тарықпады, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі Еуразия бірінші телеарнасына сілтеме жасап.
Қымбат шашу, алтын жалатылған көлік, биіктігі 4 төрт метр тқратын торт, 200 млн теңгелік көлік. Бұл тізім таусылар емес. Біреуі тоңып секіреді, біреуі тойып секіреді деген осы шығар.
Тойып секіргендердің тойында кәмпит емес, қымбат телефон шашады. Солардың бірі атыраулық кәсіпкер. Шашуға арналған қымбат 50 телефонның біреуінің өзі кем дегенде 500 мың теңге тұрады.
«Иә, онысы рас. Атыраулықтар үшін бұл қалыпты жағдай. Батыстың адамдары түстік пен кешкі асқа қызыл балық пен қара икра жеп жүрген адамдар. Әр отбасында бір-бірден мұнайшы бар. Қаламызға келіп, қонақ болыңыздар!, – дейді бір Атырау тұрғыны.
Басқа бір тойда ақсақалдың иығына ақшадан тігілген шапан жапқан.
«Мұның бәрі шын ақша ма? Мұндайды бірінші рет көріп тұрмын!».

Шымкенттіктер барлығынан асып түскендей. Бай-бағлан өз тойына салмағы 2 тонна, биіктігі 4 метр торт келген. Оны аспаздар үш тәулік бойына дайындапты. Ал асаба жігіт ол торттың ішіне кіріп, тұруға да болатынын айтады. Енді ше? Торттың құны 179 мың доллар болса!

«Қазір әнші-күйшілерді көп шақырмайды. Қазір қымбат шоумен іздейді. Әнді әншіге емес, күйді күйшіге емес, соның бәрін қонақтарға жасатқысы келеді. Конкурстарға қатыстыр, сыйлықтарымыз бар, соны тарат дейді. Мысалы, 200 млн теңгенің көлігін ойнатқан той болды. Сұмдық болды енді», – дейді асаба Руслан Ысқақ.