38 жастағы көпбалалы ана 60 мың теңгесін қайда жеткізерін білмей әлек. Тапқан табысының басым бөлігі пәтер мен балаларының мұқтажына жұмсалатындықтан, одан қалған 10 мың теңгесін бір айға жеткізу оңай емес дейді әйел. Әкімдіктен көмек болмапты, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап.
38 жастағы Рахия Нұрлыбаева төрт баланың анасы. Баласының алды 14-те, кенжесі 3 жаста. Шымкенттен көшіп келген. Қазір елордада еден жуып, балаларын бағып жүр. Сондағысы айына 60 мың теңге алады. Ол тіпті ел қатарлы атаулы әлеуметтік көмекте алмайды.
«Айлық жетпейді. Өзім зарплата аламын 60 мың теңге. 30 мың садикке, 30 мың квартираға. Ар жағында 10 мың теңге пособия. Сол жетпейді, ешқандай жетпейді. Шаршап кеттім уже. Үш рет акиматқа барғам. Мына балаларымды да ертіп апарғам. Ешқандай көмек берген жоқ», – дейді Рахия Нұрлыбаева.
Қаржы тапшылығын басынан өткізіп жүрген көпбалалы ана 2017 жылы ажырасып кеткен екен. Бұрынғы күйеуі алимент төлемейді. Құзырлы органдар балаларының әкесіне іздеу жариялапты. Бірақ ешқандай хабар ала алмай отыр. Заңгерлер «безбүйрек әке» үшін, мұның жауапкершілігі ауыр болатынын ескертеді.
«Әкімшілік жауапкершілікке тартқанда ҚР-ның әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 669 бабына сәйкес 5 айлық есептік көрсеткіштен 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады. Әдейі, қасақана төлемей жүрсе алиментін, ҚР Қылмыстық кодексі 139 бабына сәйкес оны 3 жылға дейін бас бостандығынан айырады», – Абзал Бекбосынов, заңгер.
Ал Байқоңыр ауданының әкімдігі болса жалғызбасты көпбалалы ананың жаңдайынан бейхабар екен. Баспана алу үшін кезекке тұру керек, ол үшін бірқатар құжаттардың қажеттігі жайлы айтты олар.
«Көп балалы отбасылар кезекке тұру үшін құжаттарды Халыққа қызмет көрсету орталығана тапсыру керек. Ол өтініш, жеке куәліктің көшірмелері, соңғы 12 айдың ішіндегі жиынтық айлық табысы. Нұр-Сұлтан қаласында 3 жыл тұрақты мекен-жайы болуы керек», – Жансая Оралбекова, Нұр-Сұлтан қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бөлімінің бас маманы.