2009 жылы Ақтөбе облысында үш жас келіншекті ұрлап әкетіп, зорлап, кейін өлтіріп тастаған төрт азаматтың бірі Маңғыстаудағы қатаң режимді колониядан видеоүндеу жолдады, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі Nur.kz сайтына сілтеме жасап.
БАҚ арасында «шалқарлық баскесерлер» деп аталып кеткен азаматтарға сот шешімі 2012 жылы шықты. Бұл топ төрт адамнан тұрған, ал оның ішінде үшеуі бір-біріне ағайынды бауырлар болып келеді.
Бүгінде солардың бірі, 23 жыл жазасын өтеп жатқан Ерлан Мамытов колониядан видеоүндеу жолдады.
Бейнежазба YouTube желісінде пайда болған. Онда түсірілім Маңғыстау облысындағы ГМ-172/6 мекемесінің аумағындағы тәртіптік изоляторда жүргізілгені айтылады.
«Мына дауыс мазаны алады. Шүберек сарғайып кетті, өйткені краннан таза емес су ағады. Ал біз оны ішеміз. Камераларда терезе де жоқ. Мұның барлығы біздің ағзамызға келеді. Мұнда өте лас. Біз осы шаңмен дем аламыз», – дейді ол.
Одан кейін Мамытов тамақ ішетін орынды көрсетеді. Оның сөзінше, сотталушылар отырып тамақтану үшін өз күртелерін төсеуге мәжбүр. Сондай-ақ, азамат серуендеуге арналған орында да жөндеу жұмыстары жоқ екенін айтады.
Үндеу жолдаушы егер өзіне бір жағдай болып қалса, колония басшыларын кінәлауды сұрайды.
Желіде жарияланған жазбаға қатысты ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінде пікір білдірді.
Ведомствоның баспасөз қызметі видеоның Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД ГМ-172/6 ең жоғары қауіпсіздік мекемесінде түсірілгенін, ал ондағы азамат Ерлан Мамытов екенін растады.
Комитетте аталған тұтқын жазаны өтеу режимін қасақана бұзушы деп танылғандығын, осыған байланысты қатаң жағдайда ұсталғанын хабарлады. Бірнеше рет режим бұзғаны үшін (24 жаза) ол тәртіптік изоляторға қамалған.
Айта кетейік, жантүршігерлік оқиға 2009 жылы басталған. Шалқарда сол уақытта жоғалып кеткен үш келіншек бір топтың құрбанына айналған.
Қылмыскерлер бірінші әйелді өзен жағасында ішімдік ішіп отырған сәтте ұрып- зорлап, артынан суға батырып жібереді.
Ал жергілікті мектептің жас мұғалімі қылмыскерлердің екінші құрбанына айналған. Қылмыстық топ оған зәбір көрсеткеннен кейін ұстаздың денесін өртеп жіберген.
Өңірге енді келген үшінші қызды азаматтар көшеден ұрлап кетіп, сүйікті су айдынына апарған. Онда бойжеткенді зорлап, тұншықтырып, артынан көміп тастаған.
2012 жылы шыққан сот үкіміне сәйкес, 32 жастағы Сағдат Қоразбеков пен 30 жастағы Жасұлан Мамытов өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ал 27 жастағы Ерлан Мамытов (видеодағы азамат) пен 31 жастағы Нұрлан Мамытов 23 және 25 жылға түрмеге жабылған.