Қырғызстанның экс-президентінің әйелі Раиса Атамбаеваға қарсы қылмыстық із қозғалды, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі Азаттық Радио сайтына сілтеме жасап.
Раиса Атамбаеваның мәліметінше, қылмыстық іс президент аппаратының сот реформасы және заңдылық бөлімінің бұрынғы меңгерушісі Манас Арабаевтың ісі аясында қозғалған.
«Арабаевтың ісі аясында бүгіннен бастап маған қарсы қылмыстық іс қозғалғанын жаңа ғана білдім. Мен судьялардың ісіне ешқашан араласпағанымды айтқым келеді, саясат лас іс екенін білетінмін, сондықтан оған араласпауға тырыстым. Мен тіпті бір де бір судьяны танымаймын» деп мәлімдеген Атамбаева.
Іс материалдары қылмыстар мен заң бұзушылықтардың бірыңғай тізіміне тіркелген.
Президент аппаратының бұрынғы қызметкері Манас Арабаев 2 маусымда «Жемқорлық» бабы бойынша ұсталған болатын. Ол қызмет лауазымын шетелдік инвесторлардың кәсіпкерлік нысандарын рейдерлік жолмен тартып алған жекелеген қылмыстық топтардың мүддесіне теріс пайдаланған деген күдікке ілінген. Бұл туралы Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті мәлімдеді.
2 шілдеде «Ала-Тоо 24» телеарнасы эфирінен көрсетілген бағдарламада шетелдік инвесторлардың дүние-мүлкін тартып алуға бұрынғы президенттің зайыбы Раиса Атамбаеваның қатысы бар деген ақпарат айтылды. Телеарна сюжетінде ол жайында Манас Арабаевтың тергеу органдарына куәлік бергені көрсетілген.
5 шілдеде Бішкектің Бірінші май аудандық сотының шешімі бойынша, Манас Арабаев тергеу абақтысынан үйқамаққа ауыстырылған.