Әнші Сәкен Майғазиев өміріндегі ең қиын күндерді еске алды, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі «Той жыры» бағдарламасына сілтеме жасап.
«МұзАрт» тобының мүшесі Сәкен Майғазиев пен келіншегі үлкен ұлдары Әділеттен кейін балалы бола алмай біраз қиналған. Қанша дәрігерге емделіп, денсаулықтарын қалпына келтіреміз деп отбасының бармаған жер, баспаған тауы жоқ. Осындай қиын қыстау күндерді есіне алған әнші 15 жылдың қалай өтіп кеткенін байқамай қалдық деп отыр.
«Израилден, Кореядан, Германиядан дәрігер келіпті деп артынып-тартынып жүгіре беретінбіз. Себепкер болып кетер деп тілеп жүрміз. Маған қаншалықты ауыр болса, Динараға 100 есе ауыр болды. Мен оның жанын түсінемін. Нәтиже болмағаннан кейін, бұл кісінің көңіл-күйі түсе бастайды. Керісінше жоқ, деніміз сау болсын, Әділетіміз аман болсын, Әділеттен көп немере-шөбере көреміз деп айтатын едім», – дейді Сәкен Майғазиев.
Жаратқан отбасыны 15 жыл сынағаннан кейін үш бірдей қыз берген. Әншінің келіншегі осы ғасырға тең болған 15 жыл ішінде Сәкен Майғазиевтің өзіне ерекше қолдау көрсеткенін айтады.
«Жылдар өтіп жатты. Адам білмей қалады екен. Кейін артыңа қарасаң ғана біраз уақыт өткенін байқайсың. Әрине Сәкен әрдайым «Әлі жаспыз, уайымдама» деп маған демеу болатын», – дейді әншінің келіншегі.
Сурет: anamenbala.kz