Аяғына массаж жасатуға барып, комаға түсті. Біраз уақыттан соң жүкті әйел қайтыс болды. Қайғылы оқиға Таиланд солтүстігіндегі Чиангмай қаласында болды, деп хабарлайды Neonomad.kz The Mirror сайтына сілтеме жасап.
Үстіміздегі жылдың 11 қаңтарында 25 жастағы Вираван Кедкесри табаны мен балтырына массаж алып жатқанда, есін жоғалтқан. Содан ауруханаға барар жолда жүкті әйел жедел жәрдем каретасында инсульт алып, жүрегі тоқтап қалған. Салдарынан құрсағындағы баласы шетінеген.
Әйелге өкпе артериясының тромбоэмболиясы деген диагноз қойылған. Жарты жылдан бері комада жатқан Кедкерсидің туыстары оның қалыпқа келуінен үміттерін үзіп, өмір сүруді қамтамасыз ету құрылғысын ажыратуға рұқсатын берді. Кедкерси 19 шілде күні көз жұмды.
«Бізге бұл шешімді шығару ауыр болды. Алайда оның рухы тыныш болады», – дейді әпкесі Чайват Камя.
Жергілікті полиция массажшы Сутаньи Кавиге айып тақты. Таиланд билігінің пайымдауынша Кавидің жүкті әйелдерге массаж жасау тәжірибесі болмаған.