39 жастағы Гүлзира Әуелхан Қытайдағы тәрбиелеу лагерьлерінің бірінде болып қайтқан. Қорлықтың барлық түрін бастан кешкенін жасырмай, айтып берді деп хабарлайды Neonomad.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Біз бұған дейін Қытайдағы мұсылмандардың, оның ішінде қазақтардың талай қорлықты көріп жүргенін жазған болатынбыз. Ол проблеманы жазуды доғармаймызда. Бұл ретте Қытайдағы тәрбиелеу лагерьлерінің бірінде 15 ай болып келген отандасымыз Гүлзира Әуелханқызының қиын тағдырын баяндаймыз.
Кейіпкеріміз 2017 жылдың 16 шілдесінде ықтиярхатпен Қытайға өткен. Сөйтіп қазақ, моңғол, өзбек тағы да басқа мұсылмандарды тәрбиелейтін лагерьге түсіп қалыпты. Лагерьде болған 15 айдың ішінде туыстармен көрісуге әрең рұқсат берілген, онда да қолына кісен салынып, қытайша тіл үйренуге мәжбүр болғанын айтады.
«Әрі-бері қозғалатын болсақ, сақшылардың рұқсатымен ғана жүреміз. Қолымызға кісен салып тұрғызып қояды. Одан кейін дәретханаға тек екі минут көлемінде отырғызады. Ал ол жерде 50 әйел кезекте тұрады. Екі минуттан артық отырып қойсақ, басымыздан көк таяқпен ұрады. Жатақта шелекке дәретке отырамыз. Тоқпен ұрып талдырған кездер де болды. Аяғы жоқ кемпірлер мен сөйлей алмай қалған мақау қыздар да бар. Олардың арасында жынды болып кеткендері қаншама?!» – деп күрсінді әйел.
Ал түнгі уақытта, деді Гүлзира, лагерьдің қызметкерлері ұйқтап жатқан әйелдерді тұрғызып, басына қап кигізіп, белгісіз жаққа алып кететін болған. Сол кеткен әйелдер қайтып келмейді екен.
«Мен ең көбі 68 ұйғырмен бірге тұрдым. Ең аз дегенде 12 әйелмен бірге жаттым. Сонда жатақтың үлкен-кішісіне қарай 20-33-тен жаттық. Сол кезде түнде қыздар мен әйелдерді басына қап кигізіп, белгісіз жаққа алып кетіп жатты. Қайда әкететінін білмеймін. Арасында күйеуі жоқ, ажырасқан, тіпті, той жасамағандар да бар. Қалпақ кигізіп, қолына кісен салады. Содан қайтып келген емес. Лагерьде артық сөйлеуге болмайды. Бір-бірімізбен әңгіме айтуға да болмайды. Тамақ жағына келетін болсақ, таңертең қарай шай, түсте күріш жейміз. Кешке де қара шай ішеміз. Кейде арзан шөп-шалаңды қайнатып береді. Белгісіз тамақтарды да жеп жатамыз», – дейді ол.
Гүлзираның айтуынша, лагерьден бостандыққа шыққан әйелдердің біразы бала көтере алмайды. Өйткені қытайлықтар «тәрбиелеу» кезінде етеккірі келмеу үшін зорлап дәрі береді екен.
«Үш айдан кейін білектен укол салды. Тексергіштер келген кезде шашымызды бояп қояды. «Кәсіп үйреніп жатырмыз, тәрбиеленіп жатырмыз деп бізді мақтаңдар» дейді. Тексерушілердің сұрағына осылай жауап береміз. Олар біздің жүгері мен күріш жеп күнелткенімізді білмейді», – дейді ол.
Гүлзира 2018 жылы 14 қазанда бостандыққа шыққан. Бірақ бостандық тек аты ғана. Өйткені оларды күштеп зауытта жұмыс істеуге алып кеткен.
«Бізді үш ай 600 сомнан жұмыс істейсіңдер деп алып келді. Кейін «Ақшаны істегендеріңе қарай береміз. Дұрыстап істемесеңдер, лагерьге қайтадан алып кетеміз» деп айтты. Бұрын денсаулығым жақсы болатын. Лагерьге келіп укол салғалы етеккірім келмей қалды. Басым жиі ауырып, көп нәрсені ұмытып қала беретін болдым. Бет-аузым ісіп кетеді. Бірде сіңірім тартылып, құлап қалған кезім де болды. Мұның алдында тек табиғи өтімді алдырған болатынмын. Жаңағы уколдан кейін күнделікті 14 сағаттан орындықта отырамыз. Осылай 18 ай отырдым. Отыра беріп жалпиып кеттік», – дейді әйел.
Ол енді бала сүйе алатынына күмәнмен қарайды екен. Өйткені лагерьдің қатты ауырып қалса болды, дәрі береді екен. Сол дәріні ішкен адам ес-түсін білмей ұйықтайтынын айтады.
«Менімен жатқан ұйғыр қыз ауырып, жынды болып кетті. Мұрнынан қан ағып, бүкіл денесіне қотыр қаптады. Соны тастап қоя берді. Қасына бергеннен қолынан қан ағатын болды. Саяси лагерь жоқ деген өтірік», – дейді ол.
Ақырында ықтиярхаты болуының себебіне байланысты елге қайтарылған. Отанына қайтып келгеніне қарамастан, Қытайда дәл осылай қиындық көріп жатқандардың әлі де көп екенін айтып қаймығады.