Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орнында оқимын деушілерге қосымша 5000 грант бөлді. Бұл туралы кейбір азаматтардың борыш жүктемесін азайту шараларына арналған баспасөз-конференциясында министр Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Neonomad.kz.
«2019 жылдың бірінші қыркүйегінен бастап бес мың арнайы білім гранттары бөлінеді. Еліміздегі жоғары оқу орындарында тегін білім аламын деушілер мына талаптарға сай келуі керек: абитуриент аз қамтылған немесе көпбалалы отбасынан, я болмаса адрестік әлеуметтік көмек алатын отбасынан болуы шарт. Екіншіден, талаптанушы ҰБТ-дан шекті балл жинауы тиіс», – деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбаетов.
Қосымша білім гранттары кімдерге бұйырғаны туралы ақпарат тамыз айында белгілі болады. Алдымен ЖОО осы жылғы 53 700 грантты бөледі. Егер сол гранттарды алғандардың ішінде жоғарыда аталған отбасылардан шыққан абитуриенттер болмаса, онда олар арыз жазулары керек. Комиссия арызды қарап, тегін оқуға грант бөледі.
Еске сала кетейік, 26 маусымда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Жарлыққа қол қойды.