Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Арыс қаласындағы әскери бөлімшенің жарылысына қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, жарылыс әдейі жасалған болуы мүмкін, деп хабарлайды Neonomad.kz Sputnik.kz сайтына сілтеме жасап.
«Салғырттық болуы мүмкін. Тез жанатын заттардың тұтануы, электр сымдардың тұйықталуы, тіпті әдейі өрт қоюы да мүмкін. Бүгінде біз бірде-бір себепті жоққа шығармаймыз. Сондықтан арнайы тергеу тобының жұмысы өз нәтижесін береді деген сенім бар», – деді Ермекбаев.
Тергей шаралары бір айдың ішінде аяқталатынын айтқан министр, тергеу нәтижесінде кінәлі адамдар қатаң жазаға тартылады деді.
«Осы оқиға үшін кінәлі адамдар қатаң жазаланады. Оларды ешкім жасырмайды. Бірақ тағы бір мәрте айта кетейін, әскери азаматтар өз міндеттерін атқарды», – дейді министр.
Белгілі болғандай, екі аптаның ішінде Арыстағы әскери арсенал басқа жерге көшіріледі, және барлық әскери бөлімдерде тексеру жүргізіледі.
«Негізі, ондай тексерістер тұрақты түрде жүргізіледі. Арыста да бірнеше тексеріс болды. Сол кезде біршама кемшілік анықталған. Бірақ басым бөлігі жойылды. Соған қарамастан, мен барлық гарнизон бойынша тағы бір тексерісті өткізуді ұйғардым. Негізгі мақсат – елді мекендерге жақын жерлерде артиллериялық снарядтарды қалдырмау. Ондай жерлерде тек күзетке арналған оқ-дәрілер ғана қалады», – деді Ермекбаев.
Еске сала кетсек, 24 мауысда Түркістан облысының Арыс қаласында орналасқан әскери бөлімше жарылып, қала тұрғындары жаппай эвакуацияланған болатын.