Саяси ғылымдарының докторы, Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты Зулфухар Ғайыпов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына екінші жолдауына қатысты пікір білдірді. Депутат Жолдау еліміздің пандемия және постпандемия жағдайындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының жақын арадағы және келешектегі негізгі траекториясын айқындап бергенін атап өтті.
«Бірінші кезекте Президент мемлекеттік басқарудағы жаңа өзгерістерге тоқталды. Пандемия жағдайы еліміздегі билікті басқарудың осал тұстарын байқатты. Осыны ескерген Мемлекет басшысы елімізде жаңа агенттік құруды тапсырып, оның мақсатын да айқындап берді. Сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлер санын екі жылда 25% қысқартуды тапсырды. Өйткені заманнның тез өзгеруі, келешек цифрландырумен тікелей байланысты. Президент атаған мемлекеттің қазіргі дамуындағы негізгі 7 басылымдықтың барлығы бір ғана мәселеге –адами капиталдың сапасын жақсарту арқылы Қазақстан халқының әлеуетін арттыруға бағытталды», – деді Зулфухар Ғайыпов.
Бұл ретте депутат Президенттің білім мен ғылымға, адам денсаулығы мен оның қоғам алдындағы жауапкершілігіне ерекше көңіл бөлуді тапсырғанын мысалға келтірді. Сондай-ақ Жолдаудағы өзекті мәселенің бірі отбасылық-демографиялық ахуал екеніне назар аударды.
«Статистика деректері бойынша, еліміздегі әр алтыншы отбасы бала сүю бақытына қол жеткізе алмай отыр. Осы мәселені ескерген Мемлекет басшысы 2021 жылдан бастап, «Аңсаған сәби» жобасын құруды және оған бөлінетін квотаның санын 7 есе арттыруды тапсырды. Мемлекет басшысының ерекше тоқталған тағы бір мәселесі –бала құқығы мен қауіпсіздігі. Қасым-Жомарт Кемелұлы жасөсмпірімдерге қатысты елдегі соңғы кездегі жасалып жатқан қылмыстарға тоқтала келе, балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын таптаған қылмыскерлерге жазаны барынша қатаңдатуды ұсынды», – деді ол.
Сондай-ақ спикер Мемлекет басшысының жастарға да ерекше назар аударғанын атап өтті.
«Президентіміздің еңбекті қадірлеу туралы айтқан идеясы өмірге жеңіл қарамай, аянбай еңбек ету арқылы келешекте мол табыс пен бақытқа қол жеткізуге болатынын жастарға нақты мысалмен түсіндіріп берді. Сонымен қатар, адам құқығы да Жолдауда ерекше мәнге ие болды. Жаһандану мен интернет қарқын алған заманында адамның ар-ожданын сақтау керегіне тоқталды. Қорыта айтқанда, бұл жолдау мемлекетіміздің басты бағыты әлемдік экономикалық турболленттікке қарамай, өз азаматтарының әл ауқатын арттыру, еліміздегі қалыптасқан ұлтаралық татулықты ту етіп, әлемдік кеңістіктегі айбынды орнымызды сақтап қалу және егемендігімізді барынша еңселі ету деп білеміз», – деп түйіндеді Зулфухар Ғайыпов.