Чехияда ауыр дертке шалдыққан 27 жастағы қазақстандық ота үстелінде көз жұмды, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға туралы ҚР сыртқы істер министрлігі ақпараттандырды. Чехияның астанасында жұмыс істеп жүрген Есет Алпысбаев ісік ауруына шалдыққанын тек соңғы стадиясында білген.
Марқұмның досының сөзінше, қорқынышты диагноз туралы олар бірнеше күн бұрын ғана білген.
Есет ота жасау үстінде қайтыс болған – оның жүрегі шыдамапты. Есет Алпысбаев Прагада 2011 жылдан бастап өмір сүріп, жұмыс істеген.
Министрліктің мәліметінше, ол жұмыс істеген чех компаниясы мәйітті Қазақстанға тасымалдаудың барлық шығындарын төлейді.
Қазір денені Прагадан Алматыға жіберу бойынша авиакомпаниямен келіссөздер жүргізілуде. Бұл алдағы күндері жүзеге асады.