Дағыстанда Росгвардияның екі қызметкері 34 жастағы жергілікті тұрғынды өлтірді деген күдікпен қамалды. Ол бір күн бұрын Махачкаладағы полиция бөлімдерінің бірінде атып өлтірілген.
Жергілікті басылымдар жазғандай, марқұм – Новолакс ауданы Новокули ауылының басшысы болған. «Кавказский узел» басылымы оқиғаға жер таласы себеп болуы мүмкін деп жазады.
Ақпаратқа қарағанда, Абакар Каплановты ОМОН-да істеген егіз Курбановтар атқан. Марқұмға отыздан аса оқ тигені айтылуда.
Осы оқиғадан кейін Совет ауданындағы полиция бөліміне марқұмның 300-ден аса туысы мен танысы жиналған. Оларды республиканың ІІМ басшысы Магомед Абдурашидов тыныштандыруға әрекет жасаған.