Өртеніп кеткен бес қыздың өліміне қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл туралы полиция департаменті тергеу басқармасының орынбасары Қайрат Артықов мәлімдеді, деп хабарлайды Neonomad.kz.
Экспертиза қорытындысы көрсеткендей, пешті салу барысында қауіпсіздік ережелері сақталмаған. Пешті қыздардың әкесі сол өртеніп кеткен времянкіде өзі салыпты.
«Пешті салғанда қауіпсіздік ережелері сақталмаған. Пештің құбыры мен шатырдың үстіне жабылған материалдың арасына ештеңе салынбапты. Содан өрт шыққан. Ол «времянканы» ресми түрде тіркемеген. Жауапкершілікке үйдің иесі ғана тартылады. Ал бұл жерде ата-ананың өзі иесі болып саналады», – деп атап көрсетті Нұрқаев.
Полиция департаменті басшысының орынбасары Ғазиз Нұрқаевтың мәліметінше, істі қалалық департаменттің тергеу басқармасы жүргізген. Алдағы уақытта тергеушілердің осы шешімін прокуратура тексеретін болады.
«Бес қыздың өлімі бойынша біз толыққанды тергеу жүргіздік. Онымен департаменттің тергеу басқармасы айналысты. Барлық зерттеу мен сараптамалар, сондай-ақ, тергеу шаралары атқарылғаннан кейін аталған қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылданды. Қазіргі кезде ол қалалық прокуратураға тапсырылды. Олар аталған шешімнің заңдылығын тексереді», – деді Нұрқаев елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Еске сала кетсек, ақпан айының үшінен төртіне қараған түні Нұр-Сұлтандағы Көктал-1 тұрғын үй алабында «времянка» өртеніп, 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес бала көз жұмды. Қаза болғандардың барлығы – қыз бала. Ең кішісінің туғанына үш ай ғана болған. Балалардың ата-анасы түнгі уақытта жұмыста болған.