Атырау облысында полиция басшылары пара алу үстінде қолға түсті, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Пара алды деген күдікпен Атырау облысы бойынша Полиция департаментінің Тылдық қамтамасыз ету басқармасының автошаруашылық басшысы, полиция подполковнигі мен оның орынбасары, полиция майорына ұсталды. Қазір осы фактіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
«Олар бір топ адаммен алдын ала сөз байласып, бірнеше ЖШС директорынан ТҚБ Автошаруашылығы бастығының карточкалық шотына аудару арқылы 2,5 млн. теңге көлемінде пара алып, сондай-ақ полиция департаментінің автокөлігіне қызмет көрсету бойынша қосымша келісімге қол қою үшін 37 млн. теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілініп отыр», – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.
Тергеу мәліметі бойынша, 24 қыркүйекте жедел-тергеу іс-шаралары барысында аталған полиция қызметкерлері көрсетілген соманы қолма-қол ақшаға айналдырған кезде ұсталды (жеке тінту кезінде ТҚБ автошаруашылығы бастығынан 800 мың теңге, оның орынбасарынан 1 млн. 200 мың теңге алынды).