Педагогтың ар-намысына тіл тигізген оқушының ата-анасы 75 мыі теңге айыппұл төлейді. Тіпті түрмеге де қамалып кетуі мүмкін, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Сенат мұғалімнің мәртебесін көтеруге байланысты жаңа заң жобасын мақұлдады. Енді президент қол қойған соң, заң күшіне енеді.
«Мұғалімді балағаттап, құқын бұзғандарға Әкімшілік кодексте арнайы талап қарастырылған. Мұндай әрекеттерге барғандарға ең төмені 30 айлық есептік көрсеткіш, яғни 75 750 теңгеден бастап айыппұл салынады, тіпті әкімшілік қамауға алынады», – Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі.
Шенеуніктердің пайымынша, мұндай шара талай ата-ананы баласын жөнге алуына түрткі болады. Сондай-ақ, педагогтың жұмысына негізсіз араласқан, жөнсіз есеп тапсырған білім беру мекемелері де жазасыз қалмайды. Министрдің сөзінше, бұндай дерек дәлелденсе, кінәлілер 50 мыңнан 250 мың теңгеге дейін айыппұл арқалайды. Жалпы мұғалім мәртебесі туралы заң жобасы алғаш маусым айында ұсынылған еді. Ал заңды жүзеге асыруға 2024 жылға дейін 5,3 триллион теңге қажет.