Әкімдікке келген тұрғынға психбригада шақырған шенеунік қызметінен айырылды. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов орталық коммуникацияларда өткен брифинг барысында айтты, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі.
Павлодар әкімі аппаратының басшысы Қайыржан Оңғаров қабылдауға келген Руза Бейсенбайтегіне психдиспансер дәрігерлерінің бригадасын шақырған. Осы әрекеті үшін ол қызметінен айырылды.
«Қалалық аппарат басшысы Оңғаров қызметінен босатылды», – деді Әбілқайыр Сқақов.
Павлодар әкімдігінде нақтылағандай, осыдан кейін шенеунік өз еркімен жұмыстан шығуға өтініш жазған. Шенеунікке келген Руза Бейсенбайтегі әкіммен жеке кездесуді қалаған екен.
«Ол қазақ тілін дамыту және қолдау мәселесі бойынша қала басшылығымен кездесуді сұрады. Оған азаматтарды қабылдау басқа ғимаратта алдын ала жазылу арқылы жүргізілетінін түсіндірді. Оған барып жазылу керек болды», – деп нақтылады Павлодар қаласы әкімінің баспасөз қызметі.