Павлодарда туғаннан екі құлағы жоқ, бір көзі көрмейтін үш жастағы мүгедек бала тұрады. Оған ота жасату үшін анасы жұрттан көмек сұрап отыр, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі Nur.kz сайтына сілтеме жасап.
Үш жастағы Әлижан Бақтыбай туғаннан өмірдің қиындықтарымен күресіп келеді. Оның анасы Алмагүл Шұғайыпова мүгедек жанды емдеуге болады, бірақ қыруыр қаржы керек, деп жылайды.
Кәшкентай Әлижанның екі құлағы жоқ. Одан қала берді бір көзі нашар көрсе, екіншісі мүлдем көрмейтін болыпты. Бір қолында алты саусағы бар.
Анасы Алмагүл Шұғайыпованың сөзінше, ұлының мүгедек болып туылғанын көрген әкесі отбасынан бас тартып, ажырасып кеткен. Тіпті алимент те төлемейтін көрінеді. «Іздемейді де» дейді шырылдаған ана.
«Балам туған бойда-ақ көптеген жетіспеушіліктер бары байқалды. Бір көзі нашар көрсе, енді бір көзі мүлде көрмейді. Әкесі бізді тастап кеткен.
Жалғызбасты анаға қазіргі күні анасы мен інілері көмектесуде. Басқа ешкімі жоқ. Жұмыс істеп, өзінше ақша жинайын десе, олда болмай тұр. Өйткені кішкентай Әлижанға үнемі күтім керек. Оның құлағына ота жасату үшін 70 мың доллар қажет.
Екі жылдан бері елден балам үшін ақша сұрап келем. Қайырымды жандардың арқасында 9 мың доллардай жиналды. Қалған ақшаны қайдан табарымды білмеймін», – дейді жанарына жас толған ана.
Шырылдаған ана тіпті атаулы әлеуметтік көмекті де алмайды. Арнайы органдар Алмагүлге мұндай көмектің тимейтінін айтқан.
Үкімет мүгедектігі үшін 70 мың теңге ғана төлейді.
Әлижанның сегіз айлығында жомарт жандар балақайға есту аппаратын сыйлаған.
«Менің ана жүрегім де үмітке толы. Ұлымның құлағы естіп, көзі көріп кетеді деген арманымнан бас тартпаймын. Әлижаным басқа балалар секілді өсу үшін көмектесіңіздер, өтінем», – дейді Алмагүл.
Әлижан Бақтыбайға ота жасауға үндістандық дәрігерлер келісіп отыр.
Көмек көрсетемін деген қайырымды жандар үшін Алмагүл Шұғайыпованың реквизиттерін ұсынамыз:
Шугаипова Алмагуль Темиржановна
Есепшот: KZ87722R000126177769
Kaspi Gold картасы: 51 69 49 31 77 83 13 47
ИИН: 860221450429