Оралда полиция қызметкері қызметтік көлікпен 21 жастағы қызды қағып кетті, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі Today.kz сайтына сілтеме жасап.
Жол апаты 18 қарашада түнгі сағат 22.30 болған. 21 жастағы Лариса Бейсованы полицей патрульдік көлікте жаяу жүргіншіге арналған жолда қағып кеткен. Қыз ауруханаға ес-түссіз қалыпта жеткізілді. Оған бастың ашық жарақаты диагнозы қойылған. Қазір ол жансақтау бөлімінде.
«Таңертең Қаратөбеден келдік. Қызыма кіргізбеді, себебі ол жансақтау бөлімінде жатыр. Қазір дәрігерлерден хабар күтіп отырмын. Есін жиып, жазылып кетеді деп сенемін», – дейді қыздың анасы.
Жол-көлік оқиғасы болған күні Лариса жұмыстан үйге қайтып бара жатқан.
БАҚ жәбірленушіге ота жасалғаны туралы жазды.
«Ота жасалды, қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Көптеген жарақат алған, миына зақым тиген. Жағдайы ауыр деп бағаланып отыр», – деді денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіндегілер.