Кореяда баланы қағып кеткен қазақстандық жігіт қазіргі уақытта Чанвон қаласындағы тергеу изоляторында отыр, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
СІМ-нің ресми өкілі жас жігіттің құқықтарының қорғалуын қадағалайтынын айтты.
«Тергеу амалдары басталды. Бүгін біздің консулымыз тергеушімен және қазақстандық азаматпен кездеседі. Оның барлық құқығы қорғалып, сақталуын қадағалайтын боламыз», – дейід СІМ-нің ресми өкілі.
Сонымен қатар, Смадияров қазақстандық жігіттің әрекетіне қатысты алдын ала тұжырым жасамауға шақырды.
«Қорғаушыны Корея тарапы мемлекет есебінен ұсынады немесе ол азамат қалаған жағдайда, біз оның есебінен жақсы қорғаушы тауып береміз. Алдын ала тұжырым жасаудың қажеті жоқ. Бәрі тергеу барысында анықталады. Сот өтеді. Қылмыстық іс қозғалған», – дейді Смадияров.
Жас жігіт өзін қандай жаза күтіп тұрғанын әлі білмейді. Смадияровтың айтуынша, күдікті Оңтүстік Корея аумағында бір жылдан астам уақыт заңсыз жүрген.
«Ол қылмыс кезінде қорқып, қашып кеткен. Небәрі 20 жаста. Сондықтан қашқан. Алайда артынша жағдайдың күрделілігін түсініп, Кореяға қайтып барды», – дейді ол.
Еске сала кетсек, бұған дейін Оңтүстік Кореяның Чханвон қаласында 20 жастағы қазақстандық жігіт үйіне кетіп бара жатқан 7 жасар баланы қағып кеткені хабарланған еді. Алайда ол ертесі күні мемлекеттен кетіп қалған. Ал бала апат салдарынан ауыр жарақат алған. Оның миына қан құйылып, бас сүйегі сынған көрінеді.